Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Қарасу» кеден бекетінен аса ірі көлемде есірткі затын алып өтпек болған қырғыз азаматы ұсталды. Бұл жайында облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Қарасу» кеден бекеті ақпарат таратуда. Кеденшілер күдік туғызған көрші ел азаматының көлігін тексергенде 32 келі 500 грамм героин тапқан. Сондай-ақ, 47 грамм гашиш тәркілепті.
Анықталғандай, «Волга» автокөлігінің иесі 31 жастағы Қырғызстан азаматы болып шықты. Мамандар аса ірі мөлшердегі есірткіні инспекциялық тексеру кешенінде сканер арқылы тапқан. Өйткені жымысқы жолмен пайда таппақ болған пысықай анаша салынған қапшықтарды автокөлігінің артқы дөңгелектерінің үстіңгі жағына жасырған. Қазір аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабы, 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды.
Бұл жыл басынан бері тәркіленген екінші аса ірі мөлшердегі есірткі партиясына жатқызылып отыр. Осыған дейін кеденшілер 52 келі героинды алып өтпек болған азаматтың жолын кескен.
Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ