Елімізде балаларға зорлық-зомбылық көрсету оқиғалары, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 37 пайызға өскен. Осы орайда жыл басынан бері 665 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлайды.
8 педофилге қатысты іс әлі тергеліп жатқан көрінеді. Мұндай азғындардан көбіне жағдайы төмен отбасының балалары зәбір көреді екен. Бүгінде арнайы тіркеуде тұрған осындай 12 мың отбасында 17 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Ал жыл сайын бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 4000-дай ата-ана жауапкершілікке тартылып, тағы 1000-ға тартасы ата- аналық құқығынан айырылады.
Полиция бөлімшелеріне әрбір жылы шамамен 120 мыңдай жасөспірім жеткізіледі. Көпшілігі түн ортасында көше кезіп, тентіреп жүретіндер. Дегенмен, полицейлер жасөсіпірімдер жасаған қылмыс санының 27 пайызға төмендегенін айтты. Сондай-ақ, осыдан 3 ай бұрын Астанада көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан екі оқушы қыздың секіріп кету себебі анықталған.
Арман Мәтжан, ҚР ІІМ тергеу департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі:
Кәмелеттік жасқа толмаған жас қыздар "готтардың" сектасына кіріп кеткен. Олар интернет арқылы "өмір түкке тұрмайды" деген мағынада хабарламалар алып тұрады. Қазір мұны кімдердің таратқаны анықталып жатыр. Техникалық мүмкіндіктерге байланысты нақты қылмыскердің жеке басын анықтап, қолға түсіру қиындау.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ