Алты жылдан кейін ашылған қылмыс. Таразда ардагер полицейді атып өлтірген қылмыскер сотталды. Атышулы істі Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Жазаға тартылған Мұрат Тоқмолдаев бұрын бірнеше мәрте сотты болған.
Қордай ауданы, Қасық ауылының 41 жастағы тұрғыны соңғы рет 2004 жылы 8 жылға абақтыға жабылады. Алайда, өзінің кезекті рет темір торға тоғытылғанына ол тәртіп сақшысын кінәлаған. Осы себепті кек қайтаруды ойлайды. Қордай аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Жетібаевтың жазаға тартқанын ұмыта алмай, оны өлтіруге мықтап бекінген сыңайлы. Осы мақсатта Мұрат Тоқмолдаев 2008 жылы түрмеден қашып шығады. Бостандықта бой тасалап жүріп, қылмыстық жоспарын жүзеге асыру үшін полиция бастығының орынбасарын бір жыл бойы сырттай аңдиды. Ақыры 2009 жылдың желтоқсанында зейнеткерлікке шығып кеткен майор шеніндегі ішкі істер органы қызметкерінің жеке қожалығына басып кіреді. Экс-полицейді басынан 4 рет атып өлтірген. Бұл қылмыстық оқиғаның қалай болғанын арада 6 жыл өткен соң, Тоқмолдаевтың сол кезде қасында болған серігі полицейлерге айтып береді.
Бұл күнде Қарағанды облысы, Шахтинск қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Мұрат Тоқмолдаев осы іс бойынша да тергеуге алынады. Жамбыл соты оған жаңадан жаза белгіледі. Яғни сотталушы енді бұрынғы үкімде қарастырылғандай 19 жылға емес, 27 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал осы уақытқа дейін қылмысты жасырған оның серігі де жазадан тыс қалмайды.
Саяхат Нұрбеков, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы:
Тапаншадан бірнеше оқ атып, өлтірген. Қылмыстық ойын соңына дейін жеткізген соң, Тоқмолдаев оқиға орнынан қашып кеткен. Соттың үкімімен М. Тоқмолдаев ҚР ҚК 251 б. 3 б және 96 б. 2 б. түпкілікті 27 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны түзеу колониясының ерекше режимінде өтеу белгіленді. Алғашқы 3 жылын түрмеде өткізу белгіленді.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ