Алдағы жаңа оқу жылында Батыс Қазақстан облысында сегіз мектеп жабылады. Оның бесеуі осыған дейін жұмыс тоқтатты, тағы үшеуінің тағдыры жуық арада шешілмек. Бірақ облыстық білім басқармасының өкілдері мұның қалыпты жағдай екенін айтып жұбатуда. Олардың мәлімдеуінше, былтыр да осылай он мектеп жабылған екен.
Мамандар мұның себебін ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшуімен байланыстырады. Осының салдарынан шағын елді мекендердегі білім ошақтарында бала саны жетіспейді. Оқушысы азайған мектептерді ұстап тұру мемлекетке де тиімсіз. Сондықтан бұл оқу орындарын қайта құрып, ықшамдауға тура келеді.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 391 мектеп бар, жаңа оқу жылы басталғанша тағы екі білім ошағы пайдалануға беріледі. Білім басқармасының өкілдері шалғай ауылдардағы мектептер қызметін тоқтатса да, аймақта бала санының жыл санап көбейіп келе жатқанын айтты. Биыл облыстағы оқушылар қатары 93 мыңнан асқан.
Зәуре Ғұмарова, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
Күні бүгін 5 мектептің жабылуы жөнінде әкімдіктің тиісті қаулысы шығарылды. Қайтадан осы құрылған немесе жабылған мектептердің балаларының барлығы күнделікті тасымал мен немесе жақын арадағы мектеп-интернаттарға орналастырылады. Ғимараттардың қай жерге пайдалануға берілуінің шешілуі, ол жергілікті жердегі әкімдіктердің шешімдеріне байланысты.
Еркін КАРИН