Астана қаласы бойынша 12 миллиард теңгеден астам соманың мүлкі жария етілді. Бұл жөнінде қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі ақпарат таратуда. Бұл 2015 жылдың 3 тамызындағы жағдай бойынша көрсеткіш.
Сонымен, жария етілген мүліктердің 3 781-і тұрғын үй нысандары, 2165-і тұрғын үйге жатпайтын ғимараттар. Оның ішінде 482 объект коммерциялық нысанға жатқызылады. Екінші деңгейлі банктер заңды тұлғалардың 455 миллион теңгеден астам соманы құрайтын 5 үлестік қатысуын заңдастырды. Осы ретте жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған комиссияларға 3 мыңға жуық азаматтан өтініш түскен. Сондай-ақ хабарламада елордалықтардан шетелдегі мүлкін заңдастыру бойынша өтініш тіркелмегені жайлы айтылады.
Астана бойынша 12 млрд 332 млн 585 мың теңге, тұрғын үй нысандар - 3781, тұрғын үй емес нысандар - 2165, коммерциялық нысандар - 482, банктер арқылы заңдастырылған үлестік қатысу - 5, комиссияға түскен өтініштер - 3000.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА