Алматыда тоғыз жылдан бері пәтерлеріне кіре алмай жүрген үлескерлер ереуілге шықты. 2006 жылы 13 қабатты тұрғын үйдің құрылысына қаржы құйған отбасылар, далада қалдық деп, кезекті рет дабыл қақты. Құрылыс компаниямен келісімге отырған азаматтардың дені пәтердің толықтай құнын төлеп тастаған. Алайда арада жылдар өткенде тұрғындар алданып қалғанын біліп, құзырлы органдардың есігін қаға бастайды. Бірақ 1 млрд 600 миллион теңгені қалтаға басқан күдіктілер сол күйі бой көрсетпеген.
Жангелдин көшесіндегі мына құрылыс алаңында 13 қабатты бірнеше тұрғын үй бой көтеруі керек еді. Алғашқы қабаттары салынғанын көрген үлескерлер қаржыларын еш күдіксіз құя бастайды. Олардың көпшілігі пәтерлердің толық құнын төлеп те қойған. Болашақ пәтер иелері «Кұрылыс Коммерц» компаниясының есепшотына 10 млн теңгеден 40 млн теңге аралығында қаражат аударған. Барлығы - 71 үлескер.
Үкіжан Кәрімбаева, үлескер:
2006 жылы мен үлескер болдым. Төлеген ақшам 22 млн теңге. Бірақ «Құрылыскоммерц» негізі үй салу ниеті де болмаған. Қазіргі уақытта олардың офистері де жоқ, ақша да жоқ. Бізге хабарласпайды. Бұл «невидимка компания».
Құрылыс мекемесін басқарғандар үлескерлер алдында баспаналарды 2009 жылы толық аяқтаймыз деген міндеттеме алады. Алайда тұрғындар 1 млрд 600 млн теңгенің ізін де таппай қалған. Компания тіркелген кеңседен көшіп кетеді. Алайда неге екені белгісіз, осы факт бойынша тергелген іс сотқа жетпеген.
Үлескерлер Бас прокуратура мен Елбасының атына хат жолдаған соң, жергілікті әкімдік мәселені шешуге уәде беріпті. Сақалды құрылысты Кореядан шақыртылған мердігер компания аяқтауы тиіс болған.
Гүлмира Тілеулиева, үлескер:
Болат Сауранбаев 2014 жылы 15 декабрьде осы жерге келіп, бәрімізді шақырып, осында мал сойып, құран оқытып, бізге айтты: болды құрылыс басталды. 2016 жылы үйлеріңізге кіресіздер, деді. Бірақ ештеңе орнынан қозғалған жоқ.
Бас мердігердің Алматыдағы кеңсесі жабық. Ал қызметкерлер өтемақысыз еңбек демалысына жіберілген. Құрылыс компаниясының бас инженері мәселенің барлығы қаржыға тіреліп тұрғанын айтады.
Леонид Козлов, құрылыс компаниясының бас инженері:
Қазір тапсырыс берушінің есепшотында ақша жоқ. Басқа ештеңе айта алмаймын. Тіпті біз сияқты қызметкерлерге де еңбекақы төлемеді. Барлығымыз жұмыстан кетіп қалдық.
Ришат Асқарбекұлы:
Үлескерлер құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне налып отыр. Себебі тұрғындардың осы күнге дейін жазылған арыздарына байланысты ешқандай процессуалдық шешім қабылданбаған. Сондықтан олар елден 122 млн АҚШ долларын жинап алып, қашып кеткен құрылысшылардың тасасында жергілікті атқарушы биліктің өкілдері тұр ма деп сезіктенеді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ