Түркияда аударылған автобустың апатына жүргізуші кінәлі деп танылса, ол бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Түрік елінің заңы бойынша тергеу аяқталғанға дейін ол қамауда отыратын болады. Бұл жөнінде Рейтерс хабар таратуда.
Еске салайық, алтыншы тамыз күні туристер мінген автобус Түркияның Дэнизли қаласы маңында аударылып, 4 адам қаза тапты. Оның біреуі отандасымыз - қарағандылық Аида Сарабаева, ал үшеуі - Ресей азаматтары. Тағы 40 адам түрлі дәрежеде жарақат алып ауруханаға түскен. Апаттың куәгерлері жүргізушінің тым асығып, жылдамдықты шамадан тыс арттырып жібергенін айтуда.
Ал өткен демалыс күндері Түркия астанасы Стамбұлда қос бірдей терракт орын алып, 3 адам қаза тапты. Қаланың шығыс бөлігінде орналасқан полиция бөлімшесінде болған жарылыстан бір полицей мен екі террорист көз жұмды деген ақпарат бар. Жарылыс кезінде үш қабатты ғимараттың бір бөлігі қирап, 10 адам жарақат алды.
Террорлық акт түрік қауіпсіздік күштері мен Күрдістан жұмысшы партиясы арасындағы қақтығыстың өршуімен тұспа-тұс келді. Соңғы екі апта ішінде бомбалаудан 400-дей адамның қаза тапқаны белгілі. Оның ішінде Күрдістан жұмысшы партиясының жетекшілері де бар.
Алайда Түркия билігі ресми мәлімдеме жасауға асығар емес. Ал келесі террорлық әрекет Стамбұлдың солтүстігінде орын алды. Онда белгісіз біреулер АҚШ елшілігі ғимаратына оқ жаудырған. Лаңкестікке қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен бір әйел ұсталды. Жапа шеккендер туралы әзірге ақпарат жоқ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ