«Самұрық - Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» пассивті акционер рөлінен белсенді инвесторға айналады. Қор 5 институционалды реформаны іске асырудың ұлттық 100 қадам жоспары бойынша құны 121 млрд долларды құрайтын 161 инвестициялық жобаны іске асыруда. Оның ішінде қордың меншікті қаражаты - 27 пайыз, ал қалған қаржы көзі - шетелдік инвестициялар. Осылайша қор инвест жобаға салынған қаржының басым бөлігін сырттан тартуда.
«Самұрық - Қазына» ұлттық экономикаға инвестор болумен қатар, қор құрамындағы еншілес компанияларды ықшамдауды да көздейді. Қордың бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры Берік Бейсенғалиевтің сөзінше, бүгінде ұлттық компанияның басқарылуы 9 сатыға дейін жететін көрінеді. «Трансформация 5 жылдан 7 жылға дейін жалғасуы мүмкін», - дейді ол. Ықшамдалу жоспарының ішінде кейбір жобаларды қысқарту қарастырылады.
Берік Бейсенғалиев, «Самұрық - Қазына» АҚ бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры:
Іске асырылу барысы едәуір кезек күттіретін кейбір инвестициялық жобалар тоқтатылады немесе кейінге шегеріледі. Мысалы, «ҚазМұнайГаздың» жанармай құю бекеттерінің құрылысын кейінге қалдырдық. Мұндай жобалардың жалпы құны шамамен 235 млрд құрайды. Алайда мемлекеттік индустриалды-инновациялық, «Нұрлы жол» бағдарламалары және «ЭКСПО-2017» аясындағы жобалар еш қысқармайды.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ