Оралдағы жедел жәрдем стансалары білікті дәрігерлерден айрылуда. Жыл басталғалы бері мұнда 10 қызметкер жұмыстан кеткен. Мамандар жетіспейтіндіктен, жұмыс та күн санап қиындап барады. Адам жанының арашашысы атанған ақ халаттылардың мұң-мұқтажы туралы Еркін Карин баяндайды.
20 жыл бойы осы салада тер төгіп келе жатқан Елена Сатарова жедел жәрдем қызметінің бүгінгі ахуалы қиын жағдайда екенін айтады. Өйткені тұрғындар болмашы сырқатын сылтауратып, дәрігер шақыруды әдетке айналдырған. Бұл аздай, көлік кептелісінің кесірінен кешігіп жеткен ақ халаттыларға жұдырығын ала жүгіретін тентектер де бар көрінеді.
Елена Сатарова, жедел жәрдем фельдшері:
Жақында ішкілікке сылқия тойып алған науқас бір фельдшеріміздің көзін шұқып алды. Көмек көрсетемін деп көзінен айрыла жаздаған ол қазір емделіп жатыр. Қаланың бір шетінен екінші шетіне кешігіп жететін кездер болады. Сондайда бізді балағаттап, таяққа жығуға әзір тұратындар да бар.
Қазір Орал қаласында 22 жедел жәрдем бригадасы бар, бірақ 300 мың тұрғыны бар шаһар үшін бұл аздық етеді. Өйткені тиісті талапқа сай шамамен он мың адамға бір жедел жәрдем бригадасынан келуі керек. Бұл мекемеден кеткен дәрігерлер қазір қаладағы емханаларда еңбек етіп жүр.
Сергей Бекежанов, Орал қалалық жедел жәрдем стансасының директоры:
Бізге келіп, аз-маз тәжірибе жинағасын, жалақысы көптеу емдеу мекемелеріне кетеді. Адамның өзіне жайлы жұмысқа ұмтылатыны түсінікті ғой. Ауруханаларда еңбекақы жоғары, ондағы дәрігерлердің 200 мың теңгеге дейін табыс табуына мүмкіндігі бар. Өкінішке орай, біз мұндай ақша төлей алмаймыз.
Мұның қалыпты жағдай екенін айтқан сала басшылары бос орындардың ұзақ уақыт дәрігерсіз қалмайтынына сендіреді. Әйтсе де, дәрігер мамандардың тапшылығы бар екенін жасырмады. Бүгінде Батыс Қазақтан облысында акушер-гинеколог, дәрігер-анестезиологтар мен реаниматологтар жетіспейді.
Берік Хасайынов, БҚО денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
Облыс бойынша 102 маман-дәрігер жетіспейді, соның ішінде қалаға жетіспейтіні 43 маман. Дені негізі қалалық емханаларда. Жедел жәрдем қызметінде дәрігерлер бойынша ішінара қалыптасқан, негізінен дәрігер-терапевттер. Бұлар өздері фельдшерлік бригадамен алмастырылып, жұмыс істеп жатыр.
Дегенмен, жас мамандардың жедел жәрдем қызметінде қаншалықты тұрақтап қалары белгісіз. Өйткені бұл салада өз ісіне адалдығымен және шыдамдылығымен танылған аға буын өкілдері ғана ұзақ уақыт жұмыс істеуге ниетті.
Айтпақшы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, тек соңғы 1 ай ішінде жедел жәрдем дәрігерлерін сабамақ болған 4-5 оқиға тіркеліпті.
Еркін КАРИН