Алматыдағы
Әуезов аудандық соты балабақшада 5 жасар бүлдіршінді көлігімен таптап кеткен 46
жастағы Татьяна Семченкоға қатысты үкім шығарды. Ол енді екі жарым жыл бойы
қоныс-колониясында жазасын өтейтін болады. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай,
қорғаушы,
Семченконың ауыр сырқатқа шалдыққанына байланысты,
бас бостандығынан айырмай, жеңіл жаза қолдануды сұрап,
судьяға өтініш жазған. Яғни айыпталушының қатерлі ісік
дертінің 3-ші кезеңінде екенін алға тартқан. Осыған байланысты қос тарап
арасында процессуалды келісім жасалды.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 20
мамырда болған. Жол талғамайтын көлігімен
балабақшаның шарбағын қиратқан әйел аула ішіндегі үйшікті жайпап өткен. Сол сәтте
алаңқайда ойнап жүрген 5 жасар бүлдіршін оқиға орнында көз жұмып, тағы сегіз
бала жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Бақытжан
Исенов, Әуезов аудандық сотының судьясы:
Айыпталушының
өз кінәсін толық мойындауына байланысты Қылмыстық кодекстің
345-бабы, 3-бөліміне сәйкес сот Татьяна
Семченконы кінәлі деп тауып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Және 5
жылға дейін көлік жүргізуіне тыйым салынады. Ол өз жазасын қоныс-колониясында
өтейтін болады.
Айгүл ЕРМАХАН