«Арселор Миттал Теміртау»
компаниясының басшылығы өңірдегі еңбек инспекциясымен соттаспақ. Жұмысшылардың
жалақысын қысқарту жайлы бастамасынан бас тартқысы келмеген компания өкілдері
экономикалық сотқа арызданып үлгерген.
Бұл туралы біздің арнамызға Теміртау қалалық
Еңбек заңдылығын бақылау бөлімінің бастығы Ербол Дюсупов мәлімдеді. Оның
айтуынша, енді соттасудан басқа жол жоқ. Біраз уақыт бұрын еңбек заңдылығын
бақылау бөлімі алпауыт компанияның жұмысшылардың қалтасын қағу әрекетін заңсыз
деп мәлімдеген. Осыны алға тартқан олар шешімді басшылыққа жолдады. Алайда
компания басшылығы соттан бұл шешімнің күшін жоюды сұрап отыр.
Еске салайық, «Арселор
Миттал Теміртау» акционерлік
қоғамы басшылары тамыз айынан бастап жұмысшылардың айлық еңбекақысын 25 пайызға
қысқартатынын хабарлаған. Алпауыт компанияның құрамына Теміртаудағы
металлургиялық комбинат, Қарағанды облысындағы 8 көмір шахтасы, сондай-ақ Қарағанды, Ақмола, Қостанай
облыстарындағы темір өндіретін 4 бірдей
кеніш кіреді.
Ербол
Дюсупов,
Теміртау қалалық еңбек заңдылығын бақылау бөлімінің бастығы:
Айыппұлмен
және біздің жолдаған шешіммен келіспейтін көрінеді. Қарағанды экономикалық
сотына талап арызды жазып қойыпты. Мен жаңа ғана соттан келдім, шешімнің заңды
күшін сақтап қалу үшін, сотқа біз де талап арыз түсірдік.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ