Русский Сайттың толық нұсқасы

Жайық суында мұнай қалдықтары мен өзге де зиянды заттар көрсеткішінің артып кеткені анықталды

  • AstanaTV
  • 14 тамыз 2015
  • 2147

Жайық суында мұнай қалдықтары мен өзге де зиянды заттар көрсеткішінің артып кеткені анықталды. Бұл туралы бүгін Атырау облыстық экология департаментінің мамандары  мәлімдеді.

Еске салайық, апта басында Жайық өзені жасыл түске боялып, аймақтағы экологтарды аяғынан тік тұрғызған еді. Тұрғындар да қауіптеніп, түрлі болжамдарды алға тартты.  Тіпті кейбіреулер Жайыққа көп мөлшерде жасыл бояу құйылған деген пікір білдірген.

Табиғат қорғаушылар Жайық суының жасыл түске енуіне қатысты өз болжамын айтты. Яғни балдыр басқан ескі тоғандар шіріп, ондағы су өзенге қайта құйылғаннан осындай жағдай болуы мүмкін, деп жорамал жасаған. Осыдан үш күн бұрын алынған су сынамасының қорытындысы бүгін дайын болды. Оның нәтижесі суда мұнай қалдықтары мен өзге де зиянды заттардың көрсеткіші мөлшерден артық екенін көрсетіп отыр.

Жолдасқали Телағысов, Атырау облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:

Кейбір көрсеткіштерден, атап айтқанда, хлорид, құрғақ қоспа, фенол, мұнай қалдықтары көрсеткіштерінен асып тұрғанын көрсетті. Қазіргі таңда департамент тарапынан осы көрсеткіштердің артуы не себепті, қайдан шығуы мүмкін амалдарын қарастырып жатырмыз.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ