Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте ел «Чапаевка» атап кеткен шағын ауданда тағы екі жарылыс болды

  • AstanaTV
  • 14 тамыз 2015
  • 1450

Шымкентте екі бірдей  жарылыс тіркелді. Салдарынан екі адам жараланған. Оқыс оқиға Оңтүстік шағын ауданында орын алды.

Айта кетейік, ел Чапаевка атап кеткен аумақта мұндай келеңсіздік бұған дейін де бірнеше рет тіркелген-ді. Тіпті төрт адам осы оқиғаларға қатыстылығы үшін сотты болып, жазаға тартылған.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Алғашқы жарылыс дәл осы қақпаның алдында орын алған. Салдарынан 11 жасар қыз бала  зардап шекті. Жарылғыш заттан оның бір аяғының табаны түгелдей күйіп қалған.

Куәгерлердің айтуынша, түс кезінде оқушы қыз осы үйдегі құрбысына келеді. Сол заматта жарылыс болып, соның екпінінен қыз бала жолдың келесі бетіне ұшып түскен. Дыбыстың күштілігі соншалық, үйлерінде көз шырымын алып жатқан көрші-қолаң түгел өре түрегелдік, дейді.

Вера Николаева, тұрғын:

Мен үйде едім. Қатты жарылыс естілді. Газ жарылған екен деп ойладым. Шықсам,  көршінің кішкентай қызы жатыр. Аяғынан жараланғанын көрдім. Дереу жедел жәрдем мен полицияға хабар бердім.

Қазір зардап шеккен қыз үйінде. Алғашқы медициналық көмектен соң оны ауруханада қалдыруды ата-анасы құп көрмепті. Сұқбат беруге де келіскен жоқ. Ішкі істер органы өкілінің айтуынша, қолдан жасалған термикалық зат жарылған және оның дыбысы қатты  жаңғырып шыққан. Күдікті - сол көшеде тұратын азамат - көп ұзамай қолға түскен. Қазір оның үстінен «бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы:

Ол 1993 жылы туылған, сол Чапаевка елді мекенінің тұрғыны болып шықты. Бұрын «тонау» бабы бойынша сотты болған. Ұсталған азамат сол жерде оның жақсы көретін қызы тұрған. Соның көңілін өзіне аудару үшін, осы қылмысты жасап отырғанын өзі айтып отыр.

Ең сорақысы, жасанды жарылғыш қалта араға бір тәулік салып осы аумақта тағы іске қосылды. Бұл жолы 38 жастағы ер адамның аяғы бірінші дәрежелі күйік алды. Оқиға орнында болған әкесінің айтуынша,  сол сәтте қақпаның алдында  ешқандай бөгде зат байқалмаған.

Куәгер әкесі:

Мәшинеден түскенде, жерге аяғыңды қоясың ғой. Сондай аяғын қойғанда, тарс етті.

Қазір екінші оқиғаға қатысы бар күдікті  іздестіріліп жатыр. Полицейлер екі жағдайдың  бір біріне қатысы жоқ деген болжам жасауда.

Айта кетейік, мұндай жағдай ел Чапаевка атап кеткен елді мекенде бұған дейін де бірнеше рет тіркелген. Екі жағдайда екі әйел өкшесінен айрылса, тағы екі адам қолдан жасалған жарылғыштан жеңіл жарақат алған болатын.  Қазір төрт адам  жазасын өтеп жатыр. Олар 2012-2014 жылдар аралығында болған оннан астам жарылысқа қатысы бар деп айыпталған.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ