Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда орын алған сел кезінде лай көшкінінің астында қалған орта мектептің 80 пайызы қалпына келтірілді

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2015
  • 1381

Алматыда орын алған сел кезінде лай көшкінінің астында қалған  №192 орта мектептің 80 пайызы қалпына келтірілді. Ауладағы жұмыстар 25 тамыз күні толығымен аяқталады деп күтілуде. Білім ордасы  жаңа оқу жылында 930 оқушыны қабылдамақ.

Бұл жөнінде Алматы әкімі Бауыржан Байбектің Алатау және Наурызбай аудандарындағы қалпына келтіру жұмыстары барысымен танысуы кезінде белгілі болды. Алдымен бөгет аймағы бақыланып, су қоршауының фильтрлі және насос станциялары тексерілді. Қазір мұндағы су лайдан тазартылып, Қарағайлы мен Тау самалы ауылдарының 20 мыңнан аса тұрғынына ауыз су берілген. Атқарылып жатқан жұмысты қадағалаған қала басшысы түс ауа селден зардап шеккен тұрғындармен жүздесті. Олардың пікірін тыңдап, қайта қалпына келтіру жұмыстары түбегейлі аяқталғанша, сабырлық танытуды өтінді.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Қалпына келтіру жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде. Ол үшін қазынадан қомақты қаражат бөлінді. Қазіргі басты мәселе - жаңа оқу жылына дейін зардап шеккен 3 орта мектепті 1 қыркүйекке дейін түбегейлі қалпына келтіру.

Жанат Нұрғазин, «Алматы су» МҚК холдингінің бас директоры:

Өздеріңіз  білесіздер, жақында  қатты жаңбыр жауды осында. Жаңбыр жауғаннан кейін біз суды тақтаттық. Өйткені 1 литр суға 150 грамм лай келіп жатты. Жауын біткеннен кейін суды қайта тазартып бердік. Мөлдірлігі 18 болды, мутность - 15-16, осыдан кейін фильтр станциясына барады. Залалсыздандырылғаннан соң ауылдарға әрі қарай береміз.

Айгүл ЕРМАХАН