Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектеп асханаларын жалға беру ақысының мөлшері қайта қаралатын болды

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2015
  • 2041

Мектеп асханаларын жалға беру ақысының мөлшері қайта қаралатын болды. Бұл жөнінде Астана телеарнасына Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілдері айтты. Бұл, әрине, кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық. Енді олар асхана ғимаратына қаражат төлемейді. Жалдау ақысы тек ас дайындайтын зал мен азық-түлік сақталатын бөлмелерден алынады. Тақырыпты Алматыдағы тілшіміз Самат Қанағатов тарқатады.

Ұлттық Экономика министрлігінің осы жылғы наурызда жариялаған №212 бұйрығына сәйкес, мектептердегі асхананы жалдау ақысы 9 есе көтерілген болатын. Бұл шағын орта бизнес өкілдеріне ауыр тиіп, олар бағаны шарықтатуға мәжбүр болған. Кейбіреулері тіпті пайда табуды былай қойғанда, шығынын жаба алмай, кәсіптерін тоқтатуға мәжбүр болды. Осы мәселеге байланысты аймақтағы кәсіп иелері Ұлттық кәсіпкерлер палатасына шығып, Ұлттық экономика министірлігіне жалға беру бағасын төмендетуге байланысты ұсыныс жолданды.

Салтанат Лесбаева, аймақтық кәсіпкерлер палатасы құқықтық қорғау бөлімінің басшысы:

Қазіргі күні асхана ғимараттарынан қаражат алуды алып тастауды талап етеміз. Ол тек мектеп ғана емес, барлық мекемелерге қатысты. Өйткені асханалар маңызды әлеуметтік нысандар қатарына жатады. Асханаға келетін азаматтар - негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері. 2500 теңгеге түскі ас ішуді әрбіреудің қалтасы көтере бермейді. Мұндай жағдайлар әлеуметтік дағдарысқа алып келеді. Кәсіпкерлер кәсібінен айрылып, жұмыссыздық пайда болады.

Болат Рыспеков - жеке кәсіпкер. Отбасылық бизнеске келгеніне үш жыл болған азамат Алматы қаласында 5 бірдей асхананы жалға алып, жұмыс істеуде. Наурыз айында шыққан жаңа бұйрық кәсіпкердің қалтасына ауыр тиді.

Болат Рыспеков, жеке кәсіпкер:

900 есе орташа, кейбір кезде мың еседен асып кетеді. Оның барлығы қалай әсер етеді? Өте қиын болады ғой бізге. Біз, мысалы, кафелер сияқты бағаны көтере алмаймыз. Дұрыс па? Бізде бәрі бір ата-аналар ұйымы бар, директорлар бар. Бізде өзіміз түсінеміз, кішкентай балаға бағаны көп көтеруге болмайды. Өзімізде ата-анамыз ғой, біздің де балаларымыз бар.

Өзгертулер 26 маусымда күшіне енді. Жаңа бұйрық аумақтық орналасу коэффициентін азайтып, осының есебінен жалдау ақысы төмендеді. Бірақ көп емес - бұрын 9 есе болса, қазір 4-5 есе. Айта кету керек, бұл өзгертулер тек мектеп асханаларына ғана қатысты, ал жоғары оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелері және әскери бөлімдерде асхана жалдаған кәсіпкерлер үшін баға сол күйінде өзгеріссіз қалды. 

Самат ҚАНАҒАТОВ