Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанадағы мектептерде зағип балаларды Брайль қарпімен оқытатын екі сынып ашылады

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2015
  • 1739

Астанадағы мектептерде зағип балаларды Брайль қарпімен оқытатын екі сынып ашылады. Бұл туралы бүгін көзі нашар көретін жандарды сауаттандыруға арналған семинар барысында белгілі болды. Семинарда көру қабілеті нашар немесе мүлде көрмейтін балаларды оқып-сызуға үйрету бойынша дәріс оқылды. Мамандар мұндай топтағы жеткіншектерді оқыту процесінде көптеген проблемалардың барын айтады. Біріншіден, елімізде арнайы мамандықты оқытатын бірде-бір оқу орны жоқ. Сондықтан азаматтарымыз көршілес Ресейге барып білім алуға мәжбүр.

Гүлнәр Қамашева, Астана қаласы білім басқармасының әдіскері:

Бізде тифлопедагогтар дайындамайды. Осыған байланысты әзірше тифлопедагогтарға қатысты мәселелердің барлығын қайырымдылық қор арқылы, семинарлар өткізу арқылы, курстар өткізу немесе қайырымдылық қорлардың көмегімен шет мемлекеттермен тәжірибе алмасып, мамандар дайындаудамыз.

Жарық дүниені жанарымен көре алмай қамыққан жандарды оқыту ісі көп жағдайда мемлекеттік емес ұйымдардың көмегімен атқарылады. Астаналық білім беру басқармасының маманы тиісті министрлікке отандық ЖОО-ның бірінен тапшы кәсіпті ашуға ұсыныс жасапты. Бірақ әзірге жауап жоқ. Бүгінгі жиын барысында сондай-ақ Брайль жүйесінің қазақша әліпбиін жасау мәселесі көтерілді. Елімізде зағип жандар бүгінге дейін орыс тілді әліпбимен оқып келген.

Ғалия Исаханова, Ұлттық академиялық кітапхана бас директорының орынбасары:

Білім министрлігінің тарапынан айтылып отырған бұл мемлекеттік тілдегі әліпби жасалған жоқ. Сондықтан ендігі біздің алдымыздағы тұрған үлкен міндет - мемлекеттік тілдегі Астана жұртшылығы үшін әдістемелік құралдары болса, сол жағын жетілдірсек деген ұсыныс.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ