Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталығында бір жыл ішінде сал ауруына шалдыққан 250-дей бала ем алған

  • AstanaTV
  • 20 тамыз 2015
  • 2369

«Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталығында бір жыл ішінде сал ауруына шалдыққан 250-дей бала ем алған. Бұл қор «Нұр Отан» партиясы мен «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен ашылған. Мамандардың айтуынша, балалардың 80 пайызының алған емі оң нәтиже берген. Биыл мұнда тағы 160-қа жуық бала емделіп жатыр. Бүгін орталықта өткен ашық есік күні акциясына еліміздің танымал тұлғалары қатысты. 

«Нұр Отан» партиясы мен «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен ашылған «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының негізгі бағыты - қайырымдылық. Қор өз алдына жетім, сырқат балаларға, аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелері мен қарттарға қол ұшын беруді міндет етіп қойған. Бұл ретте, мекемелер мен көмекке зәру жандарға материалдық қолдау көрсету басты назарда. Астанадағы оңалту орталығы осыдан бір жыл бұрын ашылған. Осы уақыт аралығында мұнда сал ауруына шалдыққан 250-ден астам сырқат бала ем алды. Әрбір бала оңалту курстарынан өтті.

Айнұр Нұрқожаева, «Қасиетті жол» оңалту орталығының директоры:

Былтыр бізде 250 бала ем алды. Осы таңда 160 бала ем қабылдауда. 153 бала жақсы нәтижемен, ал қалғаны нәтижесіз, бірақ кейін қарай шегінген жоқ.

Қазіргі таңда орталықта 160-қа жуық бала емделіп жатыр. Науқастарға медициналық, әлеуметтік, педагогикалық көмек көрсетілуде. Әрі психолог, логопед мамандар кешенді ем тағайындауда. Орталықты аралаған өнер жұлдыздары мен танымал тұлғалар емдеу процедураларымен жіті танысып, мамандармен тілдесті. Мәселен, әнші Маржан Арапбаева жүру қимылына ұқсас сезім беретін аяқ киім тәрізді аппаратты сынап көрді.

Маржан Арапбаева, әнші:

Жаттығуларды көрдік, өз қолымызбен, аяғымызбен көрдік. Мысалы, сол жаттығулардың бірі - үлкен бір пайдалы техника. Ол балалардың жүруіне, басын дұрыс ұстауына, сәл болса да, өзінің денесін ұстауына ықпалын тигізетін аппарат. Өте қажет біздің балаларымызға. Көбірек болса екен деймін, көбірек қаржы болса, біздің балаларымыз сәл болса да, бақытты болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Айта кетерлігі, орталықтағы мамандар шетелдерде арнайы дайындық курстарынан өткен. Сондай-ақ, жақында Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінен шақырылған дәрігерлер мен профессорлар орталық қызметкерлеріне, сондай-ақ ата-аналарға арнайы кеңес берген. Бүгінгі таңда Қазақстанда 12 мыңнан астам бала сал ауруына шалдыққан. Олардың барлығы дер кезіндегі, сапалы медициналық көмекке мұқтаж. «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының мақсаты да осы.

Жұрағат БАМАН