Русский Сайттың толық нұсқасы

Теңгенің еркін айналымы жылжымалы мүлік нарығына күтпеген қиындықтар алып келді

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2015
  • 1627

«Төлемді индекстеу» талабы жылжымайтын мүлік сату мен сатып алу келісімшартына енгізілу керек. Сонда азаматтар валюта саясатындағы өзгерістерден болатын келеңсіздіктен қорғалар еді. Алайда көп адам әлі де осындай тұстарды ескермейді. Нәтижесінде күні кеше орын алған теңгенің еркін айналымы жылжымалы мүлік нарығына айтарлықтай әсер етіп тұр. Мәселен, Петропавлда баспана алу жөнінде келісімшарт жасасқан кей тұрғындар үшін доллардың қымбаттауы күтпеген қиындықтар алып келді. Тараптардың басым бөлігі ұлттық валютамен емес, доллармен есеп айырысқан. Пәтер дауы жайында тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді. 

Петропавл тұрғыны Жанат Бақтыбаев пәтер сатып алуды жоспарлаған болатын. Алайда таңдаған баспанасының банкте кепілзат ретінде тұрғанын кейін білді. Оны алу үшін пәтер иесінің банк алдындағы қарызынан толық құтылуына көмектеседі. Бірақ теңге бағамындағы өзгеріс екі жақ жасасқан келісімшартты аяқсыз қалдырды.

Жанат Бақтыбаев, Петропавл тұрғыны:

Біз Жилстройбанкпен келісіп едік, осылай теңгемен бізге ақша кредитке беріледі деп. Енді соның ақшасы бізге беріп тұр. Бірақ курс көтеріліп кеткені үшін, біздің баға өтпей қалды. Алдыңғы сатып жатқан үйдің иелері енді бізге сатпаймыз, бізге жаңа курспен ақша төлеңдер, деп жатыр. Біздің енді басымыз қатып отыр, қалған ақшаны қайдан аламыз деп.

Теңге бағамындағы өзгеріс Альфия Назарованы да айналып өтпеді. Екі апта бұрын пәтерін сатып, баспана құнының 20 пайызын алған. Сатып алушылар қалған ақшаны бөліп-бөліп төлеуге уәде береді. Бірақ соңғы жаңалықтан соң Альфия өз шешімінен айнып қалды. Енді ол бұрынғы пәтерін сот арқылы қайтаруды жоспарлап отыр.

Альфия Назарова, Петропавл тұрғыны: 

Пәтердің қалған сомасын олар маған жыл аяғына дейін төлеуі тиіс. Бірақ мен қазірдің өзінде біраз ақшамды жоғалтып отырмын. Алда әлі қандай өзгеріс боларын білмейміз. Сондықтан сатып алушылардың ақшасын қайтарып, пәтерімді әзірге сатпай тұрамын деген шешімге келдім.

Осындай мәселелермен бетпе-бет келгендер кеңес алу үшін заңгерлерге ағылуда. Баспана сату-сатып алу бойынша сұрақтармен жолыққан азаматтар жетіп артылады, - дейді Сергей Сизинцев. Тәжірибелі маман бұл тұрғыдағы талаптарды шешу жолдары тек ішінара қарастырылғанын айтады.

Сергей Сизинцев, адвокат:

Келісімшартты жүзеге асырған кезде, мүліктің құны толық өтелсе ғана, қосымша проблемалар туындамайды. Ал қаражат бөліп-бөліп төленген жағдайда, келісімшартқа «төлемді индекстеу» деген талапты енгізу керек. Сонда қарыз сомасы валюта бағамына байланысты өзгеріп отырады. Бірақ соңғы кезде тұрғындар бұл талапқа көңіл аудармайтын болған. Осыған байланысты түсініксіз жағдайлар туындайды. Мұндай даулар тек сот арқылы ғана шешіледі.

Қызылжарлық риэлторлардың пікірінше, мұндай проблемаларға тап болмас үшін, бүкіл келісімшарт тек ұлттық валютада іске асырылуы керек.

Танзиля Жансарина, риэлтор:

Қазір тек теңгемен ғана есеп айырысу керек. Себебі үйлерді біз осында сатып аламыз. Ақшамыз сыртқа шықпайды. Сондықтан доллардың бізге қажеті жоқ. Валюта бағамы өзгерді ме, жоқ па, тұрғындарға бәрібір болар еді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Доллардан бас тартуды Қазақстанның бас қаржы институты да қолдап отырған көрінеді. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдегендей, елімізде долларсыздандыру науқанын бастаудың уақыты жетті. Оны айналып өту мүмкін емес, деп санайды ол. Егер де бұл ауқымды жоспар жүзеге асатын болса, халық доллардың бағамына байланудан біржола құтылар еді.

Абзал ҚҰРМАНКИН