Алматыдағы орталық көшелердің бірінде қарумен оқ атқан жігіт ұсталды. Бұл
туралы Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы хабарлады. Бейбіт
тұрғындардың үрейін ұшырған бұл шулы оқиға Гоголь мен Абылайхан көшелерінің
қиылысында тапа тал түсте орын алған.
Бір-бірімен ерегіскен
екі жігіттің бірі травматикалық
тапаншадан оқ атады. Полицейлер оқиға орнына жеткенше қашып үлгерген бұзақы сол маңда кезіккен
әскерилер мінген көлікті қарумен қорқыту арқылы басып алған. Артынша ол көлікті
де тастап оқиға орнынан бой тасалады. Алайда заңға қайшы әрекет жасаған
күдіктіні сақшылар көп ұзамай қолға түсірді.
Салтанат
Әзірбек, Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкерлері
қылмыскерді ұстап, қазіргі таңда одан сұрақ -жауап алу процедурасын жүргізу барысында. Ол өз кінәсін
толығымен мойындады. Қылмыстық іске итермелеген мән-жайлар анықталатын болады.
Тергеу барысында Қылмыстық
кодекстің 128-бабының
тармақтары бойынша ол уақытша оқшаулау абақтысына қамалатын болады.
Айгүл ЕРМАХАН