Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияда парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өтеді

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2015
  • 1263

Түркияда парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өтеді. «Бұл туралы ел президентінің кеңсесі таратқан мәлімдемеде айтылған», - деп хабарлайды «Интерфакс». Ресми мәлімдеме кеше жарияланды.

Айта кетерлігі, осыдан бір күн бұрын ел премьері Ахмет Дәуітоғлу партияаралық келіссөздерді тәмамдап, коалициялық үкімет құруы тиіс болған. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар сәтсіз аяқталғандықтан, биліктегілер парламенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы шешімге келеді.

Еске салсақ, Түркияда соңғы парламенттік сайлау осыдан үш ай бұрын өтті. Десе де, сол кезде жеңіске жеткен Әділет және даму партиясы парламентте орныға алмады. Нәтижесінде ел үкіметі де қалыптаспаған.

Айта кетейік, Түркиядағы мерзімінен бұрын өткізілетін парламенттік сайлау 1 қарашаға белгіленді.

Жұрағат БАМАН