Отандық
сүт өндірушілердің өніміне сұраныс артып келеді. Бүгін мамандар осы оң
өзгерістің себебін түсіндірді. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, төл теңгеміздің
жаңа бағамына байланысты сүт өндірушілердің шығыны азайып, кірісі көбейе
бастаған. Яғни шығарып жатқан тауарларының тиімді өзіндік құны
реттелген.
Осы уақытқа дейін Ресейден
келетін арзан сүт өнімдеріне сұраныс артып тұрған еді. Бұл отандық
өндірушілерді біраз шығынға батырғаны да белгілі. Енді екі елдің нарығындағы
баға айырмашылығы теңелетін болды. Тұтынушылардың басым көпшілігі отандық
өнімді таңдауда. Бұл туралы Қазақстанның ет-сүт одағының атқарушы директоры
Сансызбай Өмірбеков мәлімдеді.
Сансызбай
Өмірбеков, Қазақстанның ет-сүт одағының атқарушы директоры:
Теңгенің еркін ауытқу бағамы
отандық табиғи таза сүт өндірушілерге көмектеседі деп ойлаймын. Қазір нарықтағы
жағдай өзгеріп, біздегі баға Ресейдегі бағамен біршама теңелді. Импортталған сүттің құны енді айтарлықтай арзан
болмайды. Айта кететін жәйт, бізге осы уақытқа дейін Ресейден табиғи сүт
жеткізілген жоқ. Импортталғанның барлығы ұнтақ күйінде келді және ол осында
өңделіп, сауда орындарына шығарылды.
Қазір
Қазақстанда сатылып жатқан сүт және сүт өнімдерінің 60 пайызы отандық тауарлар,
қалған 40 пайызы сырттан импортталады. Енді бұл көрсеткіш отандық тауар
өндірушілердің пайдасына қарай өзгереді деген болжам бар.