Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа оқу жылына білім ошақтары қызу әзірлік үстінде

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2015
  • 2172

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты қазір білім ошақтары қызу әзірлік үстінде. Бұл істен қызылжарлықтар да шет қалмады. Биыл Солтүстік Қазақстандағы оқушылар саны 70 мыңнан асады деп жоспарлануда.

Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу мектебінде әзірлік алабөтен. Кабинеттер түгелдей дерлік жаңа оқу жылына дайын. Білім ошағы биыл мыңнан астам баланы қабылдамақ. Мектеп басшылығының айтуынша, ағылшын тілін оқытуға басымдық беріледі.

Сәуле Қаратаева, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені оқу бөлімінің меңгерушісі:

1-4 сыныптарда ағылшын тілінің сағаттары көбейеді. Одан басқа, «Қазақ хандығының 550 жылдығы», Конституцияның 20 жылдығы, Ассамблеяның 20 жылдығы сияқты тақырыптарға қосымша ашық сабақтар мен мерекелік шаралар өткізіледі.

Мектеп оқушылары оқулықтармен 100 пайыз қамтылған, кітапхана қоры да жыл сайын ұлғайып отырады. Оқу үрдісінде пайдаланылатын қосымша әдебиеттер мұнда жеткілікті, дейді мектептің бас кітапханашысы.

Бахыт Қалижарова, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің кітапхана меңгерушісі:

2015-2016 оқу жылына кітапхана 8865 жаңадан келген оқулықпен қамтамасыз етілді. Жалпы саны кітапхана қорының 20 мыңнан аса. Президент атынан «Менің отаным - Қазақстан» деген осындай қосымша кітап сыйлық ретінде беріп жатыр мемлекет.

Ұлттық өркендеу мектебінде ұлтаралық қатынасқа мейілінше көп көңіл бөлінген. Білім ордасында түрлі ұлттың салт-дәстүрі мен тіліне үйрететін 9 бөлім бар. Олар да қазір жаңа бағдарламаларын құрып, жаңа оқу жылына  дайындалып жатыр.

Марина Тябус, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені поляк тілі пәнінің мұғалімі:

Этнобөлімдерге келетін балаларға шектеу жоқ. Арасында студенттер де бар. Былтыр біздің поляк тілі бөлімінде 25 бала білім алды. Биыл ниет білдірушілердің саны артады деп ойлаймыз. Бұндай бөлімдер арқасында балалар арасындағы достық нығая түседі.

Солтүстік Қазақстанда 574 мектеп бар. Оның 136-сы қазақ, 130-ы орыс тілінде оқытады. Ал қалғаны - аралас мектептер. Жоспарға сәйкес бірінше қыркүйекте облыс бойынша 70 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН