Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде қаланың кескін-келбетіне жауапты арнайы орган жоқ болып шықты

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2015
  • 1997

Өскеменде қаланың кескін-келбетіне жауапты арнайы орган жоқ болып шықты. Бұл туралы біздің арна тілшілеріне берген сұхбатында шаһардың бас сәулетшісі Дәурен Қасымов мәлімдеді. Айта кетейік, жасыл желегі жайқалған Өскеменнің көшелері қашан да мұнтаздай таза. Шаһарға қонақтар да ағылып келіп жатады. Алайда уақыт өткен сайын қаланың келбеті өзгеріске ұшырауда. Әр жерден бас көтерген ала-құла ғимараттар үш ғасырлық тарихы бар облыс орталығының сәулеттік үйлесімін бұзып тұр.

Қала орталығындағы Орджоникидзе көшесіне мына ғимарат салынғалы бері, тұрғындардан маза қашты. Өзі аядай жерді одан әрі тарылта түскен бұл нысанды салу барысында «ғимараттар арасындағы алшақтық 20 метрді құрауы керек» деген талап сақталмаған. Ал көлеңкеде қалған тұрғындар күйінішін жасыра алар емес.

Любовь Симонова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Жер жетпегендей, осы жерге әкеп салды. Енді күннің көзін көруден қалдық. Ғимарат тұрғызғысы келген адамға басқа жақта да жер жетеді ғой.

Ал құрылыс саласының жілігін шағып, майын ішкен Лера Харьковская қазіргі жаңа ғимараттардың құрылыс талаптарына сай еместігін айтады. Үнемдеуді ұран қылған құрылысшылар сапасыз әрі арзан материалдарды пайдаланады. «Бұл аздай қаланың орталық сәулет келбетін ескере бермейді», - дейді ол.

Валерия Харьковская, шыны зауытының директоры:

Қоғамдық орын саналатын мектептерде қауіпсіздік басты орында болуы керек. Өкінішке орай, арзан материалдан салынған ғимараттар жыл өтпей жатып, жөндеуді қажет етеді. Бұған тағы қаражат керек. Шығыны шаш-етектен.

Өкінішке орай, Өскеменде қаланың кескін-келбетіне ешкім жауапты болмай шықты. Мұны шаһардың бас сәулетшісі де мойындайды. Бүгінде қалада сәулетшілер алқасы жоқ. Ал Өскеменнің бас сәулетшісі жеке азаматтардың ақшасына салынған ғимараттардың түр-тұрпатын өзгертуге қауқарсыз екенін айтып күйініп отыр.

Дәурен Қасымов, Өскемен қаласының бас сәулетшісі:

Сәулет және қала құрылысы туралы заңға сай, біздер сәулет бөлімі ретінде кәсіпкер немесе құрылысшыға ғимараттардың сыртқы пішіні мен түсі, қандай материалдарды қолдану керектігі туралы талап қоя алмаймыз. Бізге әкелінетін сызба-нұсқалар әу бастан дайын күйінде келеді.

Бүгінде құрылысшылар «арзанның сорпасы татымас» деген қанатты сөзді естен шығарғандай. Осының кесірінен шаһардың ортақ сәулет келбеті туралы ұстаным ұмытылған. Ұсқынсыз ғимараттар, қаңылтырмен қапталған дүкендер көбейіп кетті. Осындай шикі жобалар қаланың ертеден қалыптасқан келбетін бұзбауы үшін, сәулетшілер алқасы құрылуы керек, - дейді Дәурен Қасымов. Сонда ғана шаҺардың көркін қашырғандарды тәртіпке шақыруға болады екен.

Еркін КАРИН