Орталық-оңтүстік көлік дәлізін қалпына келтіру 2017 жылы аяқталады

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2016

Орталық-оңтүстік көлік дәлізін қалпына келтіру жұмыстары 2017 жылы аяқталады. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков осылай деп мәлімдеді. Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы бағытындағы тас жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба. Республикалық бюджеттен 26 млрд теңге бөлінген. Күре жол халықаралық стандарттарға сай жөнделуде. Жүргізушілерге ыңғайлы 2 жол айрық, 3 өткел, су жүретін құбыр мен жерасты өткелі жасалады. Ошағанды кентінің маңында қонақ үй, кемпинг, көлік тұрағы мен жанармай стансасын салу жоспарланған. Аймақ басшысы жолдың сапасы ерекше қадағалауда болатынын айтты. Жұмыстар қызу жүріп жатыр. Астанадан Теміртауға дейінгі аумақтың жартысы алдағы күзде пайдалануға беріледі. Ал, қалған бөлігі 2017 жылы іске қосылатын болады.

Қайрат Шайжанов,  Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі:

Анар стансасынан бастап Теміртауға дейін 93 шақырым қашықтықта жұмыстар жүріп жатыр. Қалып жатқан жоқпыз. Осы ағымдағы жылдың ноябрь айында Астанадан Теміртау қаласына дейін толықтай жұмыс бітіп, жол қозғалысы осы жолмен жүретін болады.

Айжан  ҚУАШ