Алматы облысына 1 млрд АҚШ долларына жуық инвестиция тартылады

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2016

Алматы облысында бос жатқан жерлер игеріле бастады. Шетелдік инвесторлар ет және дәнді дақылдарды өңдеп, экспортқа шығару үшін аймаққа қаржы құюға әзір. Бұл туралы облыстың инвестициялық тартымдылығына арналған форумда айтылды. «Жетісу Инвест» халықаралық форумының аясында облыс басшылары оннан астам мемлекеттің өндірушілерімен бірнеше меморандумға қол қойды.

Алматы облысы елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 17 пайызын өндіреді. Енді сырттан инвестиция тарту арқылы өз әлеуетін тағы да көтермек. Аймақ басшысының дерегінше, облыста былтыр қаржы көлемі 35 млрд теңгеге жуықтайтын 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. 

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Бүгінде негізгі шикізат көздеріне баға тұрақсыз болып тұр. Алматы облысының аграрлық-индустриалық мүмкіндіктерін ескере отырып, ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдеуге мән берілуде. Аймақтың географиялық жағдайын ескерсек, облыс заманауи агротехнологияны игеру арқылы 100 млн адамға азық-түлік тауып беруге қауқарлы.

Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жеткілікті, алайда одан мол өнім алу үшін қаржы мен еңбек күші аздық етеді. Сондықтан жергілікті билік шетелден инвестиция тартуға мүдделі. Мәселен, Иран кәсіпкерлерімен арадағы ет өңдеу зауытын салу туралы келіссөздер аяқталған.

Алиакбар Зангине, инвестициялық компания басшысы (Иран):

Қазақстандық серіктестермен бірігіп, жаңа кәсіпорын салуға кірістік. Оның жобасы дайын. Алматы облысында ет өңдейтін үлкен зауыт салынады. Бұл салаға біз 330 млн АҚШ доларына пара пар инвестиция әкелдік.

Алматы облысында 12 өндірістік жылыжай бар. Жақында ресейлік инвестор 75 млрд теңгеге есептелген жылыжайдың құрылысын бастамақшы. Ол Іле ауданында орналасады. Азық-түлік белдеуін дамыту үшін қаражаттан тыс еңбек қолы жетіспейді дейді, жергілікті шаруалар. 

Жақсылық Үшкемпіров, «Жақсылық» шаруа қожалығының иесі:

Бізде қай сала болмасын, мейлі мал өнімдері, жүгері, қызылшы болсын, өседі. Бірақ бізде жұмысшының аздығынан, соны игере алмай отырмыз. Мен 20 жылдан бері мал шаруашылығындамын. Сонда байқағаным, осы суармалы жерлерді игере алмай отырмыз.

Облыста инвестициялық портал іске қосылған. Кез-келген инвестор интернет арқылы қаржы салуға бағытталған жобалармен танысып, өз ұсыныстарын білдіре алады. Бұдан өзге туризм, құрылыс және логистиканы дамытуға қаражат қажет. Бүгінгі инвестфорум аясында, аймаққа 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту үшін, түрлі меморандумдарға қол қойылды. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ