Русский Сайттың толық нұсқасы

Студенттерге арналған жатақханалардың жетіспеушілігі проблемасы әлі шешілмеген

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2015
  • 4728

Жаңа оқу жылы студенттер үшін де айрықша қарбаласпен басталды. Бүгінде қалаға қарай ағылған студенттер баспана мәселесін шешудің қамына мықтап кіріскен. Алыс-жақын аймақтардан жеткен жастардың көпшілігі  жатақханаға орналасудан қиындық көреді. Өкініштісі, арзан әрі ыңғайлы баспана олардың көбіне бұйыра қоймауы мүмкін. Жылда қайталанатын жатақхана жырын Берік Хасенов тарқатады.

Жатақханадан орын алуға ұмтылған жастарды дәл қазір көптеп кездестіресіз. Енді ғана студент атанғандарының дені ата-анасымен бірге жүр. Білім қуып Елордаға келгендердің арасында құшақ-құшақ құжаттарын арқалап, жатақханадағы бөлменің бір бұрышы бұйырса деген оймен жүргендер жеткілікті. 

Рысгүл Сейтығалиева, ата-ана:

Қызымды алып келіп, жатақханаға орналастырып жатырмын. Орналастыруда ешқандай қиындық көрген жоқпын. Бір 10 минуттың ішінде нөмерімізді алдық. Әрине, бұл ата-аналар үшін үлкен көмек деп айтуға болады.

Бірақ жастардың барлығының бұлайша жолы болып кетпейді. Қанша мыңдаған шақырым қашықтықты артқа тастап келсең де, Астанадағы ЖОО-да жатақаханадан орын алудың машақаты жетіп артылады, оның да өз тәртібі бар екен.

Шырынгүл Бекбаулова, ата-ана:

Жатақхана мәселесі бізді ойландырып тұр қазіргі таңда. Бірінші жатақханаға гранттар, әлеуметтік жағдайлары нашар балалар, квотамен келген балалар орналасады, деп тұр. Біздің баламыз ақылы бөлімге түсіп жатыр. Бізге әлі сол нақтылай жауап жоқ. Бізге қиындау болып тұр. Қаладағы пәтер мәселесі қиындық көрсетіп тұр.

Жатақханадан орын бұйырмаған соң, пәтер жалдап тұратындар аз емес. Осы тұста мынадай да жағдайлардың кезігетініне көз жеткіздік. Атырау облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма өкілінің мәліметінше, аймақтағы қос бірдей жоғары оқу орнында жатақханалар бос тұр. Оқу орны басшылығы студенттер тарапынан сұраныс жоқтығын мәлімдеген. Есесіне, орта кәсіби білім беретін мекемелердің 2 мыңға тарта студенті жатақханаға мұқтаж. Олар мұны ашық айтуға жасқанады.

Студент:

2 курс студентімін. Қасымдағы қыздармен бірге үй жалдап тұрамын. Жатақханадан бір бөлме сұрағанбыз. Бірақ «орын жоқ» деп айтты. Егер де жатақханаға жатқан жағдайда, оқу орнымызға жақын болар еді және ақша да үнемдер едік.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша жоғарғы оқу орындарына тиесілі 75 мыңға тарта орынға лайықталған 234 жатақхана бар. Бұл жатақханаға мұқтаж жастардың 70 пайызын ғана қамти алады екен. Елордада 55 мыңнан астам студент білім алуда. Оның 27 мыңдайы басқа өңірлерден келгендер. Студенттер үшін тұрақ болатын мұндай үйлер саны Астанада небәрі 19 ғана, ол 10 мыңдай жасқа баспана болады. Қысқасы, жатақхана тапшылығы - бас қалада ең өткір тұрған мәселенің бірі.

Майра Мелдібекова, ҚР БҒМ Статистика және сараптау басқармасының жетекшісі:

Тапшылық бойынша колледждерде ЖОО қарағанда, мәселе шешілген 2 мыңнан астам жуық колледж студенттері жатақаханада тұрады, тапшылығы мыңнан асады. ЖОО тапшылық қазір 17 мыңға жуық болып тұр. Енді жеке оқу орындарын алып қарайтын болсақ,  ЕНУ-да жатақханамен қамтамасыз ету - 60 пайыз, агротехникалық университет 45 пайыз болып тұр.

Жатақханасыз қалған жастар қалада пәтер жалдауға мәжбүр. Астанада бір бөлмелі пәтердің жалдау ақысы 100 мың теңгеден кем емес. Енді жыл аяғына дейін қанша қаржы кететінін санай беріңіз. Ал жатақханада бір бөлме үшін 10 айға бар-жоғы бір студент 35 мың теңге төлейді. Сонымен қатар, қазір жатақханаларда барлық жағдай жасалған. Теледидар, тоңазытқыштан бөлек, тегін кинотеатр мен интернет те  бар.

Еркебұлан Нұғыманов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттер үйі дирекциясының директоры:

Жатақхана тапшылығы бар, әрине Бірақ бізде 1,2,3, курстарды толығымен қамтамыз етіп, 4 курстарды әлеуметтік жағдайын ескере отырып, қыркүйек айында қарастырамыз.

Тапшылықты жою үшін, Астананың екі университетінде мың орынға арналған жаңа екі жатақхана салынып жатыр. Сонымен қатар,келесі жылдан бастап жатақханаға студенттерді тіркеуді автоматтандыру қолға алынбақ. Енді өзге аймақтардағы студенттер деканаттың табалдырығын тоздырмай-ақ, арыздарын электронды жүйемен бере алады.  Осының арқасында тапсыратын құжаттар саны екі есеге азаймақ. Бұл жемқорлықты жою үшін және студенттерді әуреге салмау үшін жасалып отыр, - дейдісала өкілдіері.

Берік ХАСЕНОВ