Сирия оппозициясының өкілдері Астанада конференция өткізуді жоспарлап отырғанын растады. Бұл жөнінде «Демократиялық Одақ» күрдтер партиясының мүшесі Халед Иса мәлімдеді, - деп жазады РИА «Новости». «Астана-2» конференциясын қыркүйек айының соңында өткізу жоспарланып отырған сыңайлы. Қазір соңғы дайындықтар жүріп жатыр. Халед Исаның өзі бұл жиынға шақырту алған. «Демократиялық Одақ» мүшесінің мәлімдеуінше, іс-шараға түрлі саяси ағымдардың өкілдері де қатысады деп жоспарланыпты.
Еске салайық, Астанада биылғы мамыр айының 25-і мен 27-і аралығында Сирия оппозициялық топтарының қатысуымен конференция өткен еді. Іс-шараның қорытындысы бойынша шетел содырларын елден шығару, терроризммен күресу үшін біріккен майдан құру туралы құжаттарға қол қойылды. Мұнан бөлек Сирияның мемлекеттігін сақтап қалу үшін, бір орталыққа бірігу жайы да талқыланған-ды.