Русский Сайттың толық нұсқасы

«СОЮЗ-ТМА-18М» ғарыш кемесінің ұшырылымы сәтті өтті

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2015
  • 5760

Айдын Айымбетов Қазақ елінің үшінші ғарышкері атанды. Бүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-ТМА-18М» ғарыш кемесі ұшырылды. Халықаралық ғарыш стансасына жол тартқан кеме экипажының құрамында Қазақстанның ғарышкер-сынақшысы Айдын Айымбетов те бар. Ұшырылымды бірнеше елден келген ресми делегация мүшелері, ғарышкерлердің туыстары мен жерлестері, сондай-ақ жүзден астам журналистер бақылады. Байқоңырдан Шәрипа Сақтапова хабарлайды.

Астана уақыты 10 сағат 37 минут. Бекітілген кестеге сәйкес Байқоңыр ғарыш айлағының бірінші алаңынан «Союз» зымыран-тасығышы ұшырылды. Халықаралық ғарыш станциясына 45/46 экспедициясының экипажы жол тартты. Олар - кеме командирі ресейлік ғарышкер Сергей Волков, бортинженерлер Айдын Айымбетов пен даниялық астронавт Андреас Могенсен. Бұл - әйгілі Гагарин стартынан жасалған бес жүзінші ұшырылым. Ғарышкер Талғат Мұсабаев оның сәтті өткенін хабарлады. 

Талғат Мұсабаев, «Казғарыш» ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы: 

Біз бүгін керемет, сәтті ұшырылымның куәсі болдық. Барлығы штаттық режиммен белгіленген уақытта өтті. «Қазғарыш» агенттігі еліміздің бір өкілін осы ұшырылымға дайындап шығарды. Біз мұны мақтан етеміз. Экипаждың МИР станциясында жемісті жұмыс істеуіне тілектеспіз.

Алғашында мамандар ғарыш кемесінің, халықаралық ғарыш станциясына ұшқан күні-ақ қосылатынын мәлімдеген. Кейіннен оның мерзімі ауыстырылды. «Союз» кемесі екі күн автономды ұшырылымда болып, содан кейін ғана станцияға тіркеледі. Бұл қауіпсіздік үшін жасалған шара, - дейді ресейлік ғарыш қызметінің өкілдері.

Игорь Комаров, «Ғарыш қызметі» мемлекеттік корпорациясының бас директоры, Ресей:

Жұмыстың бірінші кезеңі жүзеге асты. Ғарыш кемесі жоспар бойынша ғарыш станциясына жұма күні Мәскеу уақытымен сағат 10.40-та қосылады. Халықаралық ғарыш станциясы бортында 5 мемлекеттің өкілінен тұратын 9 адам жұмыс істейтін болады. Бұл  - нағыз халықаралық жоба, біздің қарым-қатынастарымыздың шынайы әрі таза екенін көрсетеді.

Йохан-Дитрих Вернер, Еуропалық ғарыш агенттігінің  бас директоры:

Мен мынаны баса айтқым келеді. Жерде қандай қиын жағдай болып жатса да, ғарыш бейбіт қарым-қатынасқа мүмкіншілік береді.

Кеме командирі Сергей Волковтың орбитадағы іссапары 188 тәулікке созылмақ. Ал Айдын мен оның даниялық әріптесі 12 қыркүйекте Жерге оралады. Қазақстандық ғарышкер станцияда бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырмақ. Бала күнгі арманына қол жеткізуді мақсат тұтқан қазақтың қара домалақ баласы үшін бұл сапарға келудің өзі оңайға соқпады. «Жас ғарышкерлер мектебінің» басшысы Айдын Айымбетов бұл туралы журналистерге ұшырылым алдындағы сұхбатында айтқан еді.

Айдын Айымбетов, Қазақстан ғарышкері, «Союз-ТМА-18М» ғарыш кемесінің бортинженері:

2003-ші жылдан 2009-шы жылға дейін қазақстандықтар арасынан күрделі, мықты іріктеу болды. Екі мыңдай арыз ұсынылды. Біз алты жыл оқыдық, бірақ 2009 жылға жоспарланған ұшырылым іске аспады. Бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстың әсерінен. Содан бері «Қазғарыш» пен Ресей ғарыш агенттіктері арасында келіссөздер жүргізіліп келді.

Айдынның арманы ақыры орындалды. Ғарыш сапары жерлесімізге бұйырып тұр екен. Аяқ астынан ұшырылымға саяхатшы ретінде тіркелген британдық әнші Сара Брайтман бұл ойынан бас тартты. Босаған орынға қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов лайық деп танылды. Бүгінгі ұшырылымнан ғарыш саласындағы мамандар жаңа ғылыми жетістіктер күтеді.

Шарипа САҚТАПОВА