Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда дизайнерлер дауласуда

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2015
  • 1596

Оралда дизайнерлер дауласуда. АҚШ президенті Барак Обамаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарту еткен тұмардың үлгісі осы дауға себеп болды. Оралдық дизайнерлердің сөзінше алматылық «Әдемі-ай» компаниясы бұйымның көшірмесін рұқсатсыз жасаған, бұл аздай, арзан бағамен саудалап жатыр. Авторлық құқымыз аяқасты болды деп ашуланған оралдықтар сотқа арыз түсіріп, 10 миллион теңге шығынын өндіріп алмақ.

Наталья Брикс қолынан шыққан әр туындысы туралы сағаттап айтуға дайын. Дауға айналған тұмар да - солардың бірі. Тіпті бұл еңбегін 2010 жылы Әділет министрлігінде төл туындысы ретінде бекіткен. «Алайда, тұмардың дәл осындай көшірмесін рұқсатсыз жасап, саудалаған «Әдемі-ай» компаниясы еңбегімізді еш қылды», - дейді.

Наталья Брикс, дизайнер:

Бұл тұмарды біз таза былғары мен киізден жасадық. Ал «Әдемі-ай» компаниясы мұны басқа арзанқол материалдан жасап, Алматы, Астана мен Атырау қалаларында сатуда. Ұрланған идеямыздың жемісін өздерінің сайтына да қойыпты.

Ал әліптің артын бағуды жөн көрген «Әдемі-ай» компаниясының өкілдерімен тілдеспек болғанымызда, тартына сөйледі.

«Әдемі-ай» компаниясының өкілі:

Бұл тұмар туралы нақты ештеме айта алмаймын, өйткені бұл іспен заңгерлеріміз айналысуда.

Бұл тұмарды Нұрсұлтан Назарбаев осыдан үш жыл бұрын Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік саммитінде АҚШ президентіне сыйлаған. Осыдан кейін мұндай бұйымдарға сұраныс артқан көрінеді. Ал заңгерлер әдемі-айлықтардың кінәсі дәлелденсе, қылмыстық жауапкершілікке тартыларын ескертті. Әзірге авторлар өздеріне келген моральдық-материалдық шығындарды 10 миллион теңгеге бағалап отыр.

Шәкір Суханбердин, заңгер:

Әлдебір компания авторлық құқықты аяқасты қылып, заңсыз пайдаланғанымен қоймай, туындыны өздерінше өзгерткен. Мұның әрқайсысы жекелеген құқықбұзушылық болып саналады. Тұмарды жасаған компания мен саудалаған кәсіпкерден 10 миллион теңгедей өндіріп алмақпыз.

Айта кету керек, тұмардың оралдықтар жасаған үлгісі 58 мың теңгеден сатылса, әдемі-айлықтардың нұсқасы бұдан екі еседей арзан. Әзірге бұл тұмардың үлгісі шетелдіктерге жасалар қымбат тарту болып саналады.