Оңтүстік Қазақстанда да соңғы бір аптадан бері аптап ыстық сақталып тұр. Ауа температурасы 40-42 градусты көрсетуде. Осыған орай төтенше жағдай қызметінің мамандары тұрғындардың ұялы телефондарына смс хабарламалар таратты. Ауа райының шілде түспей жатып бұлайша күрт ысуын синоптик мамандар былайша түсіндіреді.
Салтанат Қоныс, «Қазгидромет» РМК ОҚОФ инженер-синоптигі:
Ол бізде Орта Азиядан келген циклонның жылы секторының облысымызда сақталуына байланысты. Ертең күннің екінші жартысынан солтүстік-батыстан ауа массаларының түсуіне байланысты, бізде өткінші жаңбыр жауып, найзағай болып, ауа температурасы шамалы төмендейді.
Арыс ауданы аумағында кеше сынап бағанасы +43 градусты көрсеткен. Синоптиктер Шардара, Жетісай және Түркістан аудандарында да күннің күрт ысып кету жағдайы тіркелгенін айтуда.
Аптап ыстық Шымкент тұрғындарын да әбігерге салды. Адамдар көшеде қолшатырдың астына тығылса, жас балалар субұрқақтарды жағалап жүр. Дәрігерлердің көмегіне жүгінушілер саны да артқан. Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасына күн сайын 1,5 мыңнан астам қоңырау түсіп жатыр, - дейді мамандар.
Маргарита Айтмырзаева, «Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасы» МКҚК бөлім меңгерушісі:
Негізінен жүрегі ауыратын, қан қысымы жоғары адамдардан шағым түсу көбейді. Сондай-ақ өткір ішек ауруларына қатысты шақырту көп түсіп жатыр. Ыстықтан балалар күні бойы суға шомылады, ал кешкісін басынан күн өту шағымдарымен көмек шақыртады.
Мамандар қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен кісілердің де жедел жәрдем қызметіне көбірек жүгінуі байқалғанын айтады. Сондықтан сақтық жасап, күн көзіне мейлінше шықпауға кеңес береді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ