Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерлан Қарин: Қытайда қол жеткізілген келісімдер әлемдік дағдарыстың Қазақстан экономикасына әсерін әлсіретеді

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2015
  • 1671

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің маңызы орасан. Ол әсіресе әлемдік дағдарыстың Қазақстан экономикасына тигізер кері әсерін әлсіретеді. Елдің индустрияландыру саясатын жаңа деңгейге көтеріп, стратегиялық жобаларды іске асыруға да оң ықпал етпек. Журналистермен кездескен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин осындай пікір білдірді. Президенттің сапары барысында құны 23 миллиард долларды құрайтын бірнеше келісімге қол қойылғаны белгілі. Бұл Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық саладағы әріптестігін, сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайта түседі. Елімізде жаңа нысандар ашылады. Оның ішінде Маңғыстау облысында салынатын мұнай-газ жабдықтарын шығаратын зауыт пен Қарағанды облысында бой көтеретін көмір өңдеу  бойынша жаңа өндіріс орнын атап өтуге болады, - деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры:

Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынастың негізі шикізатты пайдалануға бағытталған болатын. Ал енді болса, өндіріс орындарын салу, сонымен қатар жаңа өнімдерді шығаруға, көліктік-транспорттық жобаларға өте маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Осының бәрі де қазақ-қытай экономикалық саладағы қарым-қатынасының жаңа мазмұнға ие болуына себепкер.

Қазақстан мен Қытай арасында сотталғандарды экстрадициялау туралы 2011 жылы қол жеткізілген келісім бар. Президенттің сапарынан кейін аталған құжат күшіне енетін болды. Ерлан Қариннің айтуынша, аспан асты еліндегі түрмелерде 20 қазақстандық азамат жазасын өтеуде. «Қытай тарапымен келісім орнатылып, бес сотталушы елге экстрадицияланды. Олар енді жазасын еліміздегі түзету абақтыларында өтейді», - деді ол.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры:

Сотталушыларды экстрадициялау туралы келісімді Қытаймен көптеген елдер жасаса алмай отыр. Ол өте қиын шаруа. Ал Қазақстан бұл мәселені шешті. Екі елдің өзара қарым-қатынасы тығыз екенін осыдан аңғаруға болады. Қытайда қамауға алынған отандастарымыздың көбі өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар немесе өлім жазасына кесілгендер. Енді оларды өз еліміздің заңы бойынша жауапкершілікке тарту мүмкіндігі туды.

Ерлан КАРИН