Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудағы ауыз судың сапасына қатысты дау жалғасуда

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2015
  • 1996

Атыраудағы ауыз судың сапасына қатысты дау жалғасуда. «Атырау су арнасы» коммуналды мекемесі басшылығы ауыз судың сапасына күмән келтірген аймақ белсенділеріне жауап берді. Олардың айтуынша, «Құлагер Жайық» тұрғын үй кешеніне жеткізілген құбырдағы ауыз су барлық талаптарға сай. Бар кінәрат кешеннің пәтер иелері кооперативіне тиесілі су сақталған резервуарда болуы мүмкін,- дейді суға жауаптылар. Олар ауыз суға талдау жасау үшін, тәуелсіз зертханаға сараптама жүргізуге де келісіп отыр.

Виктор Сущенко, «Атырау су арнасы» КМК директорының орынбасары:

Ол ғимарата насостық қондырғы бар. Мүмкін, сонда металл құбырлар пайдаланылған шығар немесе резервуар ұзақ уақыт тазаланбай қалған болуы ықтимал. Бұл мәселені шешу үшін ауыз суға талдау жасасақ болады. Біздің құбырмен жеткізілген суды алып, тұрғындар таңдаған тәуелсіз зертханаға берейік. Сонда қоқыстардың қайдан шыққаны белгілі болады. Біздің су құбырында ондай лас болуы мүмкін емес.

Айта кетейік, кешегі жаңалықтарымызда «Құлагер-Жайық» тұрғын үй кешенінің 18-ші қабатында орналасқан су жинайтын бөшкенің түбіне тұнған топырақты көрсеткен едік. Атыраулық белсенділер «Атырау су арнасы» таратқан ауыз су сапасы қазіргі жаңа тарифке сәйкес келмейтінін айтып, дабыл қаққан. Атырауда тамыз айынан бастап ауыз су тарифі жеке тұлғалар үшін 48, ал заңды тұлғалар үшін 67 пайызға қымбаттады.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ