«Астана» телеарнасы өз көрермендеріне көп ұзамай жаңа телехикая ұсынады. Дәл қазір «Әулет» атты телехикаяның түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әке мен бала, ағайындылар мен абысындар арасындағы ара қатынасты баяндайтын көп сериялы хикая күзгі маусымда көрерменге ерекше сый болайын деп тұр. Шытырман оқиғаның қызықты тұстарына куә болған Самат Қанағатов баяндайды.
Телехикаяға Қаршыға есімді ақсақалдың отбасындағы тауқымет арқау болған. Ауылға үлгілі шаңырақ - ақсақалдың екі ұлының арасындағы араздық пен келінінің кесірінен шайқалады. «Көп сериялы сериал ойдан шығарылған жоқ, қазіргі қоғамда мұндай отбасылар көп», - дейді шығармашылық топ. Осыны көрсете отырып, көрерменге ой салмақ.
Досжан Жанботаев, актер:
Бір әулет арқылы ауыл өмірін, ауылдың тыныс-тіршілігін, жөндеп ізденетін болса, кәсіп қылатын болса, ауылда да бар екендігін, жапа тармағай қалаға кете бермеу керектігін көрсетеді.
Нағыз ауылды көрсету үшін сериалдың көп бөлігі Алматы облысында түсіріліп жатыр. Сценарий бойынша дәл осы ауылға Қаршығаның кенже ұлы Жәдігер келгісі келмейді. Әкенің бар байлығын қалаға тасып, отбасын ойран қылады. Ал Жәдігерді өз отбасына қарсы қоятын - әйелі. Ене мен келін қарым-қатынасын жақсы көретін көрермендер сериалмен бірге қуанады, жылайды, мұңаяды.
Олжас Абай, актер:
Осы Жәдігердің ролі маған өте қатты ұнады. Өте айшықты, өте керемет роль. Соған жанымды салып жатырмын.
Жанын салып жатқан тек ол емес, бүкіл шығармашылық топ. Актерлерді таңдап, бекітудің өзіне бір айдан астам уақыт кетті. «Астана» телеарнасы бұл жолы әлі танылып үлгермеген әртістерді экранға шығаруды көздеп отыр. Осы арқылы жаңа актерлердің жұлдызын жақпақ.
«Әулет» телехикаясы осы күзде көрерменге жол тартады. Бұл «Астана» телеарнасының күзгі маусымдағы жалғыз ірі жобасы емес. Оған қоса 60-тан астам сериадан тұратын тағы бір сериал түсірілімі жақын күндері басталады.
Самат ҚАНАҒАТОВ