Алматыда Наурызбай ауданында лай көшкіні жүрді. Бұл ақпаратты қалалық ТЖД баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төтенше жағдай жексенбі күні таңертеңгі 8:29-да «Алма» бау-бақша қоғамында орын алған. Қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетованың айтуынша, су жиналу салдарынан бау-бақша учаскесіндегі топырақ дымқылданып, соның салдарынан жолдың бұрылысында лай көшкіні жүрді. «Қазселденқорғау» ММ-нің техникалары лай массасы жүруінің салдарын жедел түрде жойған.
Қазіргі уақытта бұрылыс бөлігі қалпына келтірілген. Төтенше жағдай салдарынан қаза болғандар мен жапа шеккендер жоқ.
Абзал ҚҰРМАНКИН