Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде «Ертіс күні» мерекесі аталып өтті

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2015
  • 1631

Демалыс күндері керекуліктер кезекті рет Ертіс күнін атап өтті. Биылғы шара белгілі географ, публицист, өлкетанушы Григорий Потаниннің 180 жылдығына орайластырылған. Шараға «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

Қара Ертістің қазіргі ахуалын ескерген ұйымдастырушылар мерекені экологиялық шарадан бастады. Белсенділер Ямышев-Павлодар бағыты бойынша моторлы жеңіл қайықтармен жүзіп өтті. Осы кезде 16 қатысушы жол-жөнекей жағажайды қоқыстан тазартқан. Айтуларынша, Ертіс арнасының жағдайы мәз емес. Адамның немқұрайлығынан қордаланған тұрмыстық қалдықтар өзенге ғана емес, қоршаған ортаға да кесірін тигізуде.  

Александра Боярчук, шараға қатысушы:

Бәрі жылдам, өте жақсы өтті. Дегенмен жағажайдың қатты ластануы бізді алаңдатады. Елді мекенге жақын орналасқан аумақтар тұрмыстық қалдықтарға толып қалған. Бос қалған шыны құтылыр мен целлофан пакеттер шашылып жатыр. 

Дәстүрге айналған кемелер шеруі - мерекенің басты тартуы. Биылғы шараға 30-ға жуық су көлігі шығарылды. Жағажайға жиналған қауым шағын қайықтармен қоса, суда қалқыған ірі кемелердің де түр-түрін бақылауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, тұрғындар шығармашылық ұжымдардың концертін тамашалап, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін аралады.

Дидар Несіпбай:

Қайықтар өте қатты жүзді. Олар маған қатты ұнады. Мен оны бұрын теледидардан ғана көретінмін, бүгін өз көзіммен көріп отырмын. Осы Ертіс күніне келгеніме қатты қуаныштымын. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ