Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуліктер «Ертіс күні» мерекесін атап өтті

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2015
  • 1736

Керекуліктер кезекті рет Ертіс күнін атап өтті. Биылғы шара белгілі географ, публицист, өлкетанушы Григорий Потаниннің 180 жылдығына орайластырылды. Белсенділер бұл жолы да үш мемлекетті байланыстыратын өзеннің экологиялық ахуалын назарға алды. Айта кетері, айтулы мерекені өткізуге «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігі ұйтқы болды.

Қара Ертістің қазіргі ахуалын ескерген ұйымдастырушылар мерекені экологиялық шарадан бастауды ұйғарған. Бұл ретте, белсенділер Ямышев-Павлодар бағыты бойынша ескекті жеңіл қайықтармен жүзіп өтті. 16 қатысушы жол-жөнекей жағажайды қоқыстан тазартқан. Айтуларынша, Ертістің арнасындағы жағдайы мәз емес. Адамның немқұрайлығынан қордаланған тұрмыстық қалдықтар өзенге ғана емес, қоршаған ортаға да кесірін тигізуде.

Александра Боярчук, шараға қатысушы:

Бәрі жылдам, өте жақсы өтті. Дегенмен жағажайдың қатты ластануы бізді алаңдатады. Елді мекенге жақын орналасқан аумақтар тұрмыстық қалдықтарға толып қалған. Бос қалған шыны құтылар мен целлофан пакеттер шашылып жатыр. 

Дәстүрлі шараның  аясы кеңейген. Мерекеге жергілікті тұрғындардан бөлек, Қарағанды мен Астанадан өкілдер келді. Тіпті, көрші Ресейден келгендер де бар. Алтай мемлекеттік университетінің қызметкері Вадим Бородаев Керекуге алғаш рет келгенін айтады. 

Вадим Бородаев, Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілі, Барнауыл қаласы:

Бізде Обь өзені бар. Қаланың таңбасында өзенді айқындайтын иректер бейнеленген. Бірақ мұндай керемет мереке әзірге жоқ. Сондықтан қазақстандық достарымыздан үлгі алуға болады. Негізі - өзенге арналған мерекенің өзі достық пен бірлікті дәріптейді емес пе?! Өйткені өзен - әріптестіктің нышаны.

Дәстүрге айналған кемелер шеруі - мерекенің басты тартуы болды. Биылғы шараға 30-ға жуық су көлігі қатысты. Жағажайға жиналған қауым шағын қайықтармен қоса, суда қалқыған ірі кемелердің де түр-түрін бақылап, мәз мейрам.

Дидар Несіпбай:

Қайықтар өте қатты жүзді. Олар маған қатты ұнады. Мен оны бұрын теледидардан ғана көретінмін, бүгін өз көзіммен көріп отырмын. Осы Ертіс күніне келгеніме қатты қуаныштымын.

Екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған мерекенің сәнін қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі аша түсті. Тұрғындар тоқыма бұйымдар, киізден басылған дүниелер, қолдан өрілген әшекейлер мен ағаштан ойылған тартуларды сол жерде сатып алып жатты. Ал, шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ