Алматыда барлық қоғамдық көлікте жол жүру бағасы жыл соңына дейін көтерілмейді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ерлан Әділов мәлімдеді. Қазір Алматыда қоғамдық көлікте жолақы құны - 80 теңге. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына, студенттер мен зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылған.
Қазақстан заңнамасына сәйкес тасымалдаушылар өз қызметтерінің ақысын тек үш жылда бір рет көтере алады. Әдетте жолақының қымбаттауына жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер құнының көтерілуі себеп бола алады. Еске салайық, Алматыда соңғы рет жол жүру құны 2012 жылы 80 теңге болып бекітілді. 2008-2012 жылдар аралығында қоғамдық көліктегі жол ақысы 50 теңге болған.
Ерлан Әділов, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы:
Бүгінгі күнге бензин бағасы қымбаттағанда, дизельдік отын сол қалпында қалғаннан кейін, тасымалдаушылармен, автопарк басшыларынан бүгінгі күнде ешқандай ұжым шығып жатқан жоқ. Айтатыным, қазіргі күні басқармамен баға көтеру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
Самат ҚАНАҒАТОВ