Ақтөбелік оқушылар мен ата аналар оқулық іздеп сабылып жүр. Қазір аймақта оқулықтарды жаппай сатып алу науқаны қызған. Білім ордалары барлық оқушыларды қажетті кітаптармен қамтамассыз етуге қауқарсыз. Мемлекет қаржысына сатып алынатын оқулықтар мен өзге де құралдар, өңірде толық таратылмай отыр.
Мектеп құралдары дүкенінде таң сәріден ұзақ сонар кезек басталады. Ерте келіп, есік алдын торуылдап жүрген ата-аналар "оқулықсыз қаламыз ба" деп алаңдаулы. Сабақтың басталғанына 1 апта өтті. Әлі күнге оқулықсыз жүрген балалар жетерлік, ал мұғалімдер кітапсыз келген оқушыларға "бағаңды төмендетеміз" деп, ескерту жасаған көрінеді. Бұл жағдайға қатты алаңдаған ата-аналар тапқан-таянғанына оқулық сатып алуға мәжбүр. Оның үстіне биыл барлық оқулықтардың бағасы көтерілген. Бір оқушының кітап-құралына шамамен 18-20 мың теңгедей қаражат қажет.
Әйгерім Акитова, сатушы:
«Әліппенің» өзі 100 теңгеге қымбаттады. 900 теңгеден сатқан «әліппені» қазір 1000 теңгеден сатудамыз. Адамдар енді возмущаются, неге ол «айдың ішінде көтеріліп кетеді» деп. Ол себебі енді жаңағы «Атамұраның», жаңағы баспалардың өзінде қымбаттағасын, бізге де тура келеді қымбаттатуға.
Оқушылар болса қалыптасқан күрделі жағдайдан шығудың жолын өз беттерінше іздестіріп жатыр. Олар жаңа технологиялардың көмегіне жүгінгенді жөн көреді. Кітапты көршісінен алып оқығаннан гөрі, ұялы телефонға қарап оқығанның әлдеқайда ыңғайлы екенін айтады.
9-сынып оқушысы:
Мектепте тапсырмаларды суретке түсіріп, үйге жеткесін сол суреттермен дайындаламыз немесе әлеуметтік желілер арқылы тапсырмаларды сұратып аламыз.
Қалалық білім бөлімі 4, 5, 6 және 11-ші сынып оқушыларын оқулықтармен толық қамтамасыз етеміз,- дейді. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 137 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал қалған сыныптарда оқитындар үшін оқулықтар тек аз қамтылған отбасылардың балаларына ғана тегін үлестірілмек.
Ляззат Оразбаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің жетекшісі:
Бірінші қыркүйекте 11 класстың оқулықтары түгелімен Ақтөбеге жеткізілді. Қазіргі таңда балалардың қолына түгелімен берілді 100 пайызға. Ал, 4,5,6 сыныптардың кітаптары 4 қыркүйек күні қалаға жеткізіліп, 5-6 қыркүйекте түгелімен мектептерге таратылды. Қазірга таңда, бүгін 7 қыркүйек күні, балалар қолдарына алды.
Мектеп кітапханасынан таратылып жатқан оқулықтар, негізінен оқу бағдарламасы арқылы қайта басылып шыққан жаңа кітаптар. Білім беру бөлімінің басшысы, келер жылы кітаптарды дер кезінде жеткізуді жолға қоямыз, деп отыр. Ол үшін қажетті оқулықтарды қаңтар айынан бастап сатып алу көзделіп отыр, - дейді сала басшысы.
Мансұр ЕСҚОЖИН