Брюссельде 5 мыңға жуық фермер бас көтерді

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2015

Брюссельде Еуроодақ кеңесі ғимаратының алдында 5 мыңға жуық фермер бас көтерді. Олардың басым бөлігі Бельгия мен Франциядан ат арылтып келген. Кей аграрийлер тіпті тракторларын ала келіпті, "қаланың негізгі жолдарын жауып тастамақ болды", деп хабарлайды "Рейтерс" агенттігі. Шаруалар Еуроодақтың жүргізіп отырған саясатына наразы. "Шенеуніктердің кесірінен біз кедейліктің кебін киюдің аз-ақ алдында тұрмыз", - дейді кәсіп иелері.

Ресейге қарсы қойылған санкциялар салдарынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шығынға белшеден батқандарын айтады. Кейбірі тіпті банкротқа ұшыраған. Бас көтерген топ өкілдерінің айтуынша, қазір Еуропада тауар ұсынысы шектен шығып, сүт пен ет өнімдері тым арзан бағамен қабылдануда. Біз саясаттан алшақ болсақ та, саяси соғыстың шеті келіп бізге тиіп жатыр, - дейді ашынған шаруалар.

Айта кету керек, таяуда Брюссельде Еуроодақ елдерінің ауыл шаруашылығы министрлері кеңес өткізген болатын. Олар тығырықтан шығар жолды іздеп, әлек.

Фернанд Етген, Люксембургтің ауыл шаруашылығы министрі:

Біз, Еурокомиссия нақты ұсыныстар мен шаралар ұсынып, оның шарапатын көреміз, деп сенеміз. Тауар өндірушілердің ахуалын оңалту үшін, барынша әрекет етуге тырысамыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН