Өзбекстан үкіметі 2015-2018 жылдар аралығында Арал теңізін қалпына келтіруге 4,3 миллиард доллар қаражатты бағыттайды. Бұл жайында «РИА Новости» агенттігі ақпарат таратты.
Ширатып айтқанда, үкімет бекіткен бағдарламаға сәйкес, жарияланған қаржының 1 миллиар доллары су ресурстарын тиімді пайдалануға, 321 миллион доллар халықты еңбекпен қамтуға, 433 миллион тұрғындардың денсаулықтарын нығайтуға және тағы 158 миллион доллар экология мен биотіршілікті қалпына келтіруге жұмсалмақ. Бұл жоба бірнеше бағытпен қаржыландырылмақ. 3,5 миллиард доллар шетелден несие ретінде алынса, халықаралық гранттар арқылы 200 миллион доллар бұйырған. Ал қалған ақшаны Өзбекстан тарапы өзі бөлген.
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан Арал теңізі 1960 жылға дейін көлемі жағынан әлемде 4 орынды алатын. Алайда кейін теңіздің ауданы екі есе қысқарып, су деңгейі 18 метрге таяздады. 1993 жылдың қаңтар айында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекістан, Аралды құтқарудың халықаралық қорын құрды. Онда теңізді қалпына келтірудің үш жүзден астам жобасы қарастырылған. Бұл бағытқа барлығы 8,5 миллиард долларға жуық қаражат бөлу жоспарда бар.
Абзал ҚҰРМАНКИН