Оралда дала өртінің кесірінен кідірген нөмірі 614-ші «Орал-Ақтөбе» жолаушылар пойызы бүгін таңғы сағат 8:24-те қайта жолға шықты. Бұл жайында ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті хабарлады.
Ал БҚО Төтенше жағдайлар департаменті мамандары мәлімдегендей, қала іргесіндегі Желаев стансасы аумағында 1 гектарға жуық орман алқабы өртеніп, шойын жолды да шарпыған. Шамамен 2 шақырымға жуық темір жол бүлінген. Қаладан ұзай алмаған «Орал-Ақтөбе» жолаушы пойызы уақытынан кешігіп, өртенген жолдар қайта төселгенше, жолаушылар 10 сағаттай күтуге тура келген.
Айта кетелік, тілсіз жау кеше түс қайта қаланың айналасындағы төрт саяжайды шарпыған еді. Өрт сөндірушілерге бой бермей, ақыры темір жолдағы қозғалысты тоқтатып барып ауыздықталды.
Мирас Алекешов, БҚО ТЖД аға инженері:
Сөндіру жұмыстарына 6 техника, 27 адам жұмылдырылған болатын, яғни ТЖД және өрт сөндіру-авариялық құтқару жұмыстарының қызметкерлері жұмылдырылды. Аталған оқиға бойынша өрттің себебі, кінәлі тұлға және шығыны анықталу үстінде. Желаев стансасында жөндеу жұмыстары қалпына келтіріліп, пойыздың жүруі қалпына келтірілді.