Бүгін елімізде әскердің толық жауынгерлік әзірлігі пысықталды. Кенеттен ұйымдастырылған тексеріс Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша өтті. Бес облысты қамтыған шарада Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік және Батыс Қазақстан әскери қызметшілерінің шымырлығы таразыға түсті.
Мұндай тексеріс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бір мезетте 10 мыңға жауық әскери қызметші, Құрлық әскерлерінің 20-дан астам бөлімшелері аяғынан тік тұрды. Оқу-жаттығу шарасына 2 000-ға жуық техника тартылған.
Айта өтейік, әскерилердің іс-қимыл барысын Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов пен Қарулы күштер Бас штабы жетекшісі Сәкен Жасұзақов бақылап отырды. Алдағы аптада оқу-жауынгерлік тапсырмалар жалғасын табатын болады.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА