Шығыс Қазақстан облысында өсімдік майы қымбаттады. Бөлшек саудада майдың әр литрі 350-400 теңгеден саудаланып жатыр. Өңірдегі «Май» АҚ өз өнімінің бағасын 215 теңгеден 240 теңгеге өсіріп жіберген. Осыдан келіп дүкендердегі баға да көтерілді. Ал Шығыс Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті, кәсіпорынның әрекеті негізді ме, деген мәселені тексеруге кіріскен.
Өскемендегі «Май» АҚ Қазақстан нарығында өзіндік орны бар алпауыт кәсіпорын. Компания бүкіл ел тұрғындары тұтынатын өсімдік майының 80 пайызға жуығын өндіреді. Сондықтан құзырлы мекеме бағаның шарықтауына не себеп болғанын жіті тексеруге кірісті.
Наталья Петрова, ШҚО табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:
Май компаниясы өкілдерінің айтуынша, майдың өзіндік құны 240 теңгені құрайды. Бұған жыл басында ресейлік өндірушілердің өнімін арзанға сатуы себеп болған. Осыдан кейін бағаны ресейліктермен теңестіруге мәжбүр болған кәсіпорын майды жарты жыл бойы арзанға сатып, шығынға шаш-етектен батты. Тергеу кезінде осы түйткілді тұсты нақтылаймыз.
Бүгінде май өндіруші мекеменің шығыны 250 миллион теңгеден асқан. Кәсіпорын өкілдері былтыр да май бағасының осы мөлшерде болғанын айтады. Демек, май қымбаттамаған, яғни бұрынғы бағамен сатылуда. Алайда теңгенің еркін айналымға жіберілгенін пайдаланған серіктес мекемелер өз тауарының бағасын 30% өсіріп жіберген көрінеді.
Татьяна Костина, «Май» АҚ қаржы директоры:
Қазіргі бағам ресейлік бағамен бірдей. Әрі өзімізге шығынға жұмыс жасай алмаймыз ғой. Біз долларға тәуелді емеспіз. Бірақ Пэт форма мен ыдыстың өзге де керек-жарақтарын жеткізушілер бағаны 30% өсірді. Біз бағаны бар болғаны 12% ғана көтердік.
Егер құзырлы орган өкілдері бағаның негізсіз қымбаттағанын анықтаса, отандық кәсіпорынды әкімшілік жаза күтіп тұр. Мұндай жағдайда мекеме түскен пайдасының 5% айыппұл ретінде төлейді. Айналымда миллиондар жүргенін ескерсек, бұл аз қаржы емес. Ал ауыл шаруашылығы саласының өкілдері бар кілтипанды сауда желілерінен іздеу керек деген пікірде.
Дүйсенбай Селиханов, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Бұл істі жан-жақты зерттеу керек. Арадағы алыпсатарлар бағаның өзгерісіне әсер етуі мүмкін, сондықтан әріптестеріміз мұқият болғаны дұрыс.
Ал шағын және орта бизнес қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Галина Казанцева наубайханалар мен кондитерлердің де қымбатшылық дүрмегіне ілесетінін жасырмайды. Өйткені бағаны өсірмесе, наубайханаларды жабуға тура келеді. Немесе мемлекет отандық өндірушілерге қол ұшын беруі керек.
Галина Казанцева, шағын және орта бизнес қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:
Бұл саланың аясы жылдан жылға тарылып барады. Сондықтан бизнестің өрісін кеңейту үшін қомақты қаржы керек. Онсыз болмайды.
Биыл ШҚО 343 мың гектар жерге майлы дақылдар егілген. Бірер аптадан соң оған орақ түспек. Ал егіннің шығымы қандай боларын ешкім де тап басып айта алмайды.
Еркін КАРИН