Бензиннің нақты бағасы қараша-желтоқсан айларында белгілі болады. Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин журналистерге осындай болжамын жеткізді. Айтуынша, бүгінде кең тараған АИ-92 және 93 маркалы жанармай бағасы 108-130 теңге аралығында құбылып тұр. Мұның барлығы Ресейдегі бензин бағасының тұрақсыздығына байланысты орын алуда. «Себебі Қазақстан сұйық отынның бұл түрін негізінен осы елден алады», - деді Ұзақбай Қарабалин.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
Жанармай бағасын төмендетуге бола ма деген сауал маған жиі қойылады. Әрине, болады. Ол үшін алдымен ішкі нарықтағы жанармай тапшылығы мәселесін шешуіміз керек. Көрші елден әкелінетін отынды олар ұсынған жоғары бағада сатып алмауға тырысу қажет. Сонда жанармай құю стансаларының қожайындары бағаны түсіруге мәжбүр болады. Менің ойымша, жағдай қараша-желтоқсан айларында оңалады. Нақты баға да сол кезде реттеледі деген пікірдемін.
Ұзақбай Қарабалин Қашаған мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, өндіріс орнындағы құбырларды алмастыру ісі белгіленген мерзімнен бұрын аяқталуы мүмкін. Қазіргі таңда құрылысқа қажетті жаңа құбырлардың үштен бір бөлігі Қазақстанға жеткізілді. Мәселен, Германия мен Жапониядан келуі тиіс 99 шақырым құбырдың 67 шақырымнан астамы әкелінді. Оның 26 шақырымы орнатылып үлгерді. Ал 2016 жылдың соңына дейін теңіз арқылы 20 шақырым құбыр тартылуы тиіс болған. Қазір оның да басым бөлігі салынды. Яғни жұмыс белгіленген жоспардан да жылдам жүргізілуде, - деді министрдің орынбасары.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
Құбырларды жасау үшін зауыттарға тапсырма берілуі керек еді. Ол жұмыстар жасалды. Енді бүгінгі таңда Еуропадан, бір жағынан Германиядан, екінші жағынан Жапониядан, тапсырма берілген жерлерден, зауыттардан құбырлар келіп жатыр. Жаңағы жоспардан жылдамырақ жасалып жатыр жұмыстар.