Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияның бірнеше қаласында халық ереуілге шықты

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2015
  • 1574

Бүгін түнде Түркияның бірқатар қалаларында мыңдаған адам ереуілге шықты. «Бізге атыс-шабыс емес, бейбіт өмір керек. Террористердің көзін құртсын», - деп ұрандатқан тұрғындар бірнеше шаһардың орталығында топтасып, жол қозғалысына кедергі жасады. Тіпті ашуға ерік берген кейбір ереуілшілер Ыстамбұл, Анкара, Адана секілді үлкен қалалардағы күрдтер қолдау көрсететін «Халықтық демократиялық партияның» ғимараттарына тас атып, өрт қойған. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, аталмыш партияға тиесілі 128 ғимарат қирады.

Соңғы екі күнде 30-дан аса әскеридің өмірін қиған лаңкестік әрекеттер Түркия халқының ашуын туғызды. Ақшам уақытында басталған наразылық шеруі түн жарымына дейін жалғасын тапты. «Күрдістан жұмысшылар партиясының» қанды қылмысына ызаланған тұрғындар Халықтық демократиялық партия ғимаратын тас талқан етіп, жағып жіберуге тырысқан.

Салахаддин Демирташ, ХДП тең төрағасы:

Сіздерде біліп отырған боларсыздар, партиямыздың орталығын отқа орап, көше аралап, тұрғындардың мазасын алған тобырдың артында «Әділет және даму партиясы» тұр. Бүлік шығарғандардың барлығы камераға жазылған, олар  анықталатын болады.

Ыстамбұлдағы Азия мен Еуропаны жалғап тұрған Галата көпірінің үстінде де бірнеше минутқа қозғалыс тоқтаған. 200-ден аса такси жүргізушісі көлігімен жолды бөгеп, жазықсыз мерт болған әскерилердің туған-туыстарына қолдау көрсетті. Сонымен қатар, елдің байрағын көлігіне байлап алған 5 мыңдай жас буын өкілдері автошеру ұйымдастырды.

Такси жүргізушісі:

«Күрдістан жұмысшылар партиясының» бұл әрекеті біздің сабырымызды тауысты. Қысқа уақытта қаншама әскери азамат қаза тауып, бірнешеуі жараланды. Біз Түркияның бөлінуіне жол бермейміз, ай-жұлдызды туымыздың жығылғанын да көргіміз келмейді.

Анкара мен Ыстамбұлдағы күрдтер көп тұратын аудандарда да көтеріліс ұйымдастырылды. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, 500-ге жуық күрд ұлтының өкілі басқа қалаларға қашып кеткен. Аталған оқиғаға қатысты ішкі істер министрлігі қолдан келген әрекетті жасайтынын айтып ақталуда.

Самат СҮЛЕЙ