Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысындағы Майқайың кентінің тұрғындары «жылусыз қаламыз» деп алаңдаулы

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2015
  • 2360

Павлодар облысындағы Майқайың кентінің халқы «қыста жылусыз қаламыз ба» деп алаңдаулы. Тұрғындарды сексен жылға жуық жылумен қамтамасыз етіп келген алтын-кен байыту комбинаты жылу беруден бас тартқан. Жергілікті билік мәселенің шұғыл шешімін іздестіруде. Алайда, шашылып жатқан қазандықты көрген бұқараның көңілі күпті. Қойнауы қазынаға бай елді мекеннің бүгінгі ахуалын әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы өз көзімен көріп қайтты.

10 мың тұрғыны бар Майқайың кентінің 70 пайызы алтын-кен байыту комбинатына тиесілі қазандықтан жылу алады. Алайда экономикалық дағдарысқа байланысты кәсіпорын бұл қызметтен бас тартып отыр. Бүгінде жергілікті билік бұл қызметті жекенің қолына беруді жоспарлаған. Дегенмен, тұрғындар, «егер жылу жүйесі жеке кәсіпкердің құзырлығына өтсе, биыл қыста қатып қаламыз», деп алаңдайды.

Көп балалы Шәкәр ана биылғы қысты үреймен күтуде. Жылу берілмесе, «үйдегі кішкентайлардың жағдайы қалай болар екен», деп отыр. Жылыту маусымы аяқталғанда, ыстық су да келмейді. Әзірге арнайы құрылғымен су ысытып, жуынып-шайынады. Егер жылу қосылмаса, бұл қалыпты жағдайға айналмақ.

Арайлым Амантайқызы:

Үйде суық болады. Ал мен баламен қайда барам, жылу болмаса. Ауырып қалса, ем-домына көп ақша керек. «Жылу берілсін», деп тілейміз.

Майқайың кентінің 80 жылдық тарихы бар. Өндірісті аймақ саналатын елді мекен бірнеше кәсіпорынның арқасында күн көріп отыр. Ал негізгі тіршілік көзі алтын-кен байыту комбинатымен байланысты. Коммуналдық жүйе мен әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі осы кәсіпорынға тәуелді. 60 көп қабатты үй мен мыңға жуық жеке сектор және барлық әлеуметтік мекемелер орталық қазандықтан жылытылады.

Мұхтар Әбенов, Майқайың кентінің тұрғыны:

Балабақша да, мектептерде оқитын балаларымыз да, қарттарымыз да, Майқайың халқына қиындық болады. Сондықтан осы мәселе дұрыс шешілсе, деген ойдамыз. 1997 жылы біз әрбір үйде өзіміз пеш жағып, көп қабатты үйлердің бәрінде халық суды сатып алып, жылу болмай, Майқайыңның 50 пайыз халқы көшіп те кетті.

Әлемдік нарықта мыс бағасының арзандауына байланысты «Майқайың-Алтын» кәсіпорны қаржылық қиындыққа тап болған. Жұмыс орны қысқарып, бірнеше кеніш жабылыпты. Көктемде комбинат басшылығы халықты жылумен қамтамасыз етуге қауқарсыз екенін айтып, билікті ескерткен. Ал жергілікті әкімдік мәселенің шешімін табуға талпынып жатыр.

Орда Ермекбаев, Майқайың кентінің әкімі:

Бұл су-жылу құбырларын уақытша осындағы бір жергілікті кәсіпкерге береміз бе деген мәселені келісіп жатырмыз. Тек оған халықтың көңілі толмай отыр. Біздің құзырымызға алуға мүмкіндік жоқ. Өйткені бюджетімізде біздің жетіспей тұр қазір.

Су-жылу жүйесін уақытша меншігіне алуға ниетті кәсіпкер құбырлардың әбден тозығы жеткенін алға тартты. Айтуынша, алдымен ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі. Шығындарға байланысты тариф те қайта есептелуі мүмкін. Бірақ «кент жылусыз қалмайды» деп сендірді. 

Ерболат Ордабаев, жеке кәсіпкер:

Жылу желілерінің жағдайы дәл қазіргідей мүшкіл хәлде болса да, маған берілсе, ауылымызды қиындықтан алып шығамын. Әр тұтынушы биыл қыста жылумен қамтылады. Арада түсініспеушілік болады, әрине. Ортақ шешімге келеміз, деп ойлаймын.

Ахуалға қатысты өндіріс ошағы басшыларынан қандай да бір түсініктеме ала алмадық. Көнекөз қариялардың сөзінше, Майқайыңды бүгінгі жағдайдан құтқаратын жалғыз комбинат қана. Сондықтан олар мәселені бір жақты емес, жұмыла отырып шешуге шақырады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ