Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда үйлері өртеніп кеткен 12 отбасы баспанасыз отыр

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2015
  • 1380

Қарағандыда белгісіз жағдайда үйлерінің төбесі өртеніп кеткен 12 отбасы ашық аспан астында тұрып жатыр. Жергілікті әкімдік өкілдері жапа шегушілерге бере қоятын тұрғын үйдің дәл қазір жоқ екенін алға тартқан. Шарасыз тұрғындар, тым болмаса баспаналарының төбесін жабатын құрылыс материалдарын сатып алуға қаражат берілсе, деп отыр. Толығырақ аймақтағы тілшіміз әңгімелейді.

Литейный көшесіндегі 48-інші үй осыдан 10 күн бұрын отқа оранған. Таңғы сағат төрт шамасында барак типіндегі үйдің төбесі кенеттен жана бастайды. Адамдар ес жиямын дегенше, тілсіз жау баспананың төбесін түгел шарпыған. Бейтаныс жанның қырағылығы болмағанда, шырт ұйқыда жатқан тұрғындардың да аман қалуы екіталай еді.

Гүлнәр Омарова, Литейный көшесіндегі 48 үй тұрғыны:

Анау жерде пятиэтажка бар-тын сол жерде балконға шыққан әйел көріп, пожарниктерге хабарлапты. Ол келіншек болмағанда, бүкіл барактағылар өліп қалар еді.

Гүлнәр Омарова ол кезде ауруханада жатқан. Екінші топтағы мүгедек суыт хабарды естіп, үйдегі ересек ұлының халін білмекке жүгіреді. Абырой болғанда, баласы аман екен. Енді аналы-балалы екеуі төбесі шұрық тесік бөлмені паналауға мәжбүр. Уақытша болса да, үйіне тұрғызатын туыс-туған бұларда жоқ. Сондықтан кейуана денсаулығының нашарлығына қарамастан, осында жүр.

Гүлнәр Омарова, Литейный көшесіндегі 48 үй тұрғыны:

Газ баллон сатып алдым. Төбесі ашық үйде жатсақ та, ыстық тамақ ішейік деп. Қазақстан, Қарағанды облысы, қала тұрғындарынан көмек сұраймыз. Баратын жерім жоқ?

Осылайша 12 отбасы күздің қара суығында қиналып қалды. Кейбірі бала-шағасын туыстарына жіберіп, жалыннан аман қалған заттарын күзетуде. Алайда толықтай жанып кеткен төбені қалпына келтіретін қаражаттың жоқ екенін айтады. Сарапшылардың мәліметінше, өрт мына қорадан шығып, кейін басқа үйлерді шарпыған. Тек бұл пәтердің қожайындары ізін суытып үлгерген. Сондықтан жапа шегушілер шығынын өндіре алмай отыр. Халықтан көмек сұраудан өзге амалы жоқ.

Нұрлан Әбдуәлиев, Литейный көшесіндегі 48 үй тұрғыны:

Құрылыс материалдарымен көмек берсе, өз күшімізбен жасап алатын едік. Қар, жаңбыр келе жатыр дегендей.

Жергілікті әкімдік өкілдері жапа шегушілерге бере қоятын тұрғын үйдің жоқтығын айтқан. Бар болғаны өрттен кейінгі қоқысты шығаруға көмектесті. Енді арнайы есепшот ашып, халықтан жылу жинап бермекші.

Бейсен Үсенов, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары:

Біз тікелей көмектесе алмаймыз. Қайырымды азаматтардан тұрғындарға құрылыс жабдықтарын, не қаржы беріп көмектесуін сұраймыз. Арнайы шот нөмірі сайттарда, телеарналарда жарияланды.

Тұрғындардың ендігі үміті жомарт жандарда. Күздің қара суығында дірдектеген шарасыз тұрғындар, алдағы қыста күніміз не болады деп, уайымдап отыр. Әзірге жергілікті мешіт пен шіркеу қызметкерлері азын-аулақ қаражат берген. Алайда 12 пәтерлі ескі үйдің төбесін жауып, қайта жөндеуге ол ақша жетпейді.

Айжан ҚУАШ