2019
жылға дейін арнайы экономикалық аймақтарда шамамен 2 триллион теңгені құрайтын
жобалар жүзеге асырылады. Бұл жөнінде Инвестициялар және даму министрі Әсет
Исекешев мәлімдеді. Бүгінде елде он экономикалық аймақ бар. Индустрияландыру
бағдарламасының алғашқы бесжылдығында олардың инфрақұрылымы қалыптасты. Бүгінде
өндіріс көлемі 816 млн теңгеге жетіп, 9 мың 230 жұмыс орны ашылған. Осы
аймақтарда тұрғызылған нысандар "Kaznextinvest" компаниясының
еншісінде.
Депутат Нұртай Сабилянов, осы
компания арқылы нысандарды белгілі бір адамдар жекешелендіріп алуы
мүмкін, деп қауіптенеді. Ол мемлекет қаражатына салынған нысандар арнайы
экономикалық аймақтарға, компаниялардың жарғылық қорларына берілмеуі керектігін
алға тартып, сенімді басқаруға немесе жалға беруді ұсынды.
Нұртай
Сабилянов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Қазақстандағы 9 арнайы
экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар мен нысандар салу үшін, мемлекеттік
бюджеттен 238 млрд теңге қаражат бөлінген екен. Мемлекеттің қаражатына салынған нысанды қандай да бір компанияның
жарғылық қорына беру деген, оның ертеңгі күні төмен бағаға сатылып кетуі мүмкін
деген сөз.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ