Ақтөбе облысында үй жануарларының есебі дұрыс жүргізілмеген. Мал дәрігерлері 11 мыңнан астам жалған акт толтырып, жоқ малға «екпе жасадық» деп көрсеткен. Сібір жарасына қарсы егілетін дәрі-дәрмекті тұрмыстық қалдық ретінде жойып отырған.
Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері мәлімдеді. Мәселен, былтырдан бері жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы министрлігіндегі онлайн-порталында көрсетілген облысқа тиесілі үй жануарларының саны биыл жаңартылмаған. Облыстың мал дәрігерлері соңғы ақпаратпен бөлісуді ұмытқан көрінеді. Нәтижесінде қауіпті дерттің алдын алуға жасалатын екпені аймақ артығымен алған. Әйтеке би ауданында «он мыңнан астам ұсақ малға екпе жасалды» деп жалған құжат толтырылған. «Мемлекетке келген шығын 650 мың теңгеден асып отыр», - дейді прокурорлар.
Маратбек Мырзамұратов, Ақтөбе облысы прокуратурасы басқармасының жетекшісі:
Мал дәрігерлері жалған актілер толтырып, олар қолданды деп, осы ауруға байланысты салынды деп, жалған актілер толтырған болатын. Бұл іс-әрекеттері үшін мал дәрігерлері сотқа беріліп, оларға қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен жауапкершілікке тартылды. Олардан мемлекетке келген залал толық өндірілді.
Мансұр ЕСХОЖИН