Билікте ауыс-түйіс. Бүгін кейбір шенділер қызметімен қош айтысып, бірқатар шенеуніктер орындарын ауыстырды. Дариға Назарбаева Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. Тиісті жарлыққа ел Президенті қол қойған. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Дариға Назарбаева 2012 жылы Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқарған. 2014 жылғы сәуірден бері, Мәжіліс төрағасының орынбасары және Парламенттегі "Нұр Отан" фракциясы жетекшісі қызметін атқарды.
Президенттің тағы бір жарлығымен осыған дейін вице-премьер қызметін атқарған Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалды. Жаңа әкімді облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Президент Әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин аймақ активіне таныстырды.
Бердібек Сапарбаев бірнеше жыл бойы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын басқарды. Вице-министр лауазымына өткен жылы қарашада тағайындалған болатын.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ